Жарияланды: 29.04.2024

САУРАНДА ЖЫЛЫНА 10 ТОННА ҚҰЛПЫНАЙ ӨНІМІН БЕРЕТІН ЖЫЛЫЖАЙ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

фото ТО ӨКҚ

Сауран ауданының орталығы Шорнақ ауылдық округінде құлпынай өсірумен айналысатын «МУХИТДИНОВ» шаруа қожалығы іске қосылды. Жеке кәсіпкер Алымжан Мұхитдинов жылыжай шаруашылығын дамытуға заманауи технологияны енгізіп, құлпынай өндірісін қолға алып отыр. 2024 жылы жұмысын бастаған жобаның инвестициялық құны 300 млн. теңгені құрайды. Жаңа технологиядағы жабық топырақтағы құлпынай аумағы – 0,7 гектар. Онда 10 азамат тұрақты жұмыспен қамтылған. Қожалық иесінің айтуынша, жылыжай 1 жыл ішінде кемінде 10 тонна өнім береді. Жылыжайда құлпынайлар ешқандай химиялық тыңайтқышсыз, табиғи жолмен өсірілуде.
«Біз өсіріп отырған құлпынайдың сапасы өте жоғары. Петицидтерді мүлдем қолданбаймыз. Табиғи жолмен өсірілетін құлпынайымыз дәмді әрі адам ағзасына қажетті дәрумендерге толы», — дейді қожалық иесі.
Кәсіпкердің айтуынша, өнім негізінен Түркістан қаласы мен аудан тұрғындарына сатылуда. Сапалы өнімге сұраныс жоғары. Алдағы уақытта шаруашылықты 2 есе кеңейтуді жоспарлап отыр.
2 524 қаралым