Жарияланды: 24.07.2024

Сайрамдық балуан Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізді

фото ТО ӨКҚ

Түркістан облысына қарасты Сайрам ауданының тумасы балуан Нұрислам Айтуған осыған дейін талай айтулы додаларда биік белестерден көрініп келеді. Мықты дайындық пен жеңіске деген ұмтылысының арқасында сүрінген жері жоқ. Жуырда Тайландта өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында Нұрислам Айтуған қола жүлде иеленді.

Білекті де жүректі балуан Сирача қаласында жалауын желбіреткен еркін күрес шеберлерінің U15 жасөспірімдер арасындағы сайысында белдескен болатын. Ол өзінің дайындығының мықты екендігін дәлелдеді.  Нұрислам Айтуған Сайрам аудандық білім бөліміне қарасты №93 Абылай хан атындағы жалпы білім беретін мектебінің 10 «Ә» сынып оқушысы. Оқуда да озат өрен спортта да өзінің мықтылығын дәлелдеп келеді.

Сирача қаласында өткен жарыс өте қызу өтті және жоғары шеберлік пен дайындықты қажет етті. Нұрислам Айтуған елінің туын желбіретіп, халықаралық аренада ауданын, мектебін мақтанышпен таныстырып, өзінің жақсы қырынан көрінді. Бұл жетістік Нұрисламның ғана емес, оның бүкіл мектебі мен ауданы үшін елеулі жетістік болды, басқа оқушыларды жоғары спорттық нәтижелерге талпынуға жігерлендірді. Осындай мәртебелі турнирдегі қола медаль жас спортшының таланты мен еңбекқорлығын дәлелдейді.

 

Сайрамдық балуан Нұрислам Айтуған бірінші айналымда 85 келі салмақта Қырғызстандық спортшымен күш сынасып, жеңіске жетті. Жарыстың екінші кезеңінде Жапония спортшысымен, үшінші кезеңде Үндістанның спортшысымен жұдырықтасқан ол қола жүлдеге қол жеткізді. Осылайша Нұрислам қызу өткен жарыста өзінің жоғары дайындығын, табандылығы мен ептілігін байқатты. Жеңіс тұғырына көтерілу жолында жас балуан қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді, бұл оның таланты мен табандылығын айғақтайды. Бұл нәтиже басқа жас спортшыларға үлгі боларлық елеулі жетістік.

136 қаралым