Жарияланды: 24.07.2024

Әсем сазға бөлеген рухани кеш өтті

фото ТО ӨКҚ

 

Бүгін «Тұғыры биік – Түркістаным» айдарымен ұйымдастырылған «Әкім аға тілеулестері» республикалық оқырмандар бірлестігінің VIII форумы өтті. Аталмыш шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Ән мен жырдан шашу шашылған рухани кешке жиылғандардың қарасы көп болды. Форумда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бірінші шақырылымының депутаты, қазақ тілінде жазылған «Халықтың көші-қоны туралы» бірінші заңның авторы Әкім Ысқақтың шығармашылығын таныстыруға арналған алқалы жиын өтті.

 

Ордабасы ауданының құрметті азаматы Әкім Ысқақ саясаткер ретінде ғана емес, ақын-жазушы, сатирик, журналист ретінде де танымал. Оның еліміздің мәдени және саяси дамуына қосқан сан қырлы үлесі форумға қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды. Әкім Ысқақтың құрметіне баспа оның өмірі мен шығармашылығына арналған екі жаңа кітаптың тұсауын кесті. Бұл кітаптар көрнекті қайраткердің есімін мәңгілікке қалдыруға ғана емес, болашақ ұрпақты әдебиет пен қоғамдық қызмет саласындағы жетістіктерге жетелеуге арналған.

«Әкім аға тілеулестері» форумы еліміздің әр өңірінен келген өкілдердің басын қосып, өзара пікір алмасып, өзара тәжірибе алмасатын мәдени қауым үшін маңызды оқиғаға айналды. Шара барысында осындай керемет рухани кеш сыйлағаны үшін көрермендер ақынға алғыс айтты. Сонымен бірге, бірқатар қала тұрғындары кеш иесін құттықтап, иығына шапан жауып, авторға құрмет ретінде құттықтау хаттарын табыс етті. Алдағы уақытта да осындай шығармашылық кештер жалғасын тапса деген игі тілектерін жолдады. Сондай-ақ, Түркістан қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары мен «Шұғыла» халықтық мәдени үгіт-бригадасы

ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды. Әкім Ысқақ сөзіне жазылған «Көңіл қымбат», «Генерал» әндері орындалды. Кезінде ақынның «Көңіл қымбат» әні қалың тыңдарманның жүрегінен орын алып, сүйікті әніне айналған болатын. Әлі де талай жұрттың үздіге тыңдайтын әндерінің қатарынан шыға қойған жоқ. Кешті әсем ән ырғағымен толықтырған «Яссы» би ансамблі билерін орындап, сахна шымылдығын ашты. Өнерпаздардың қойылымдары ақын-жазушының мәдени мұрасының маңыздылығына тоқталып, шараның жарқын қорытындысы болды. Әкім Ысқақ құрметіне ұйымдастырылған форум әр түрлі жастағы және әртүрлі мамандық иелерінің басын қосып, оның еңбектері мен жетістіктерінің Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін маңызын еске түсірді.

 

Өз кезегінде кеш соңында сөз алған Әкім Ысқақ шараның өтуіне қолдау білдірген Түркістан қаласы әкімдігіне, жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқан Түркістан қалалық мәдениет үйіне тілеулестер атынан алғысын білдірді, шара жоғары деңгейде өтті. Ұлттық мұраны сақтау мен насихаттауға септігін тигізетін осындай мәдени бастамалардағы ұжымдық жұмыс пен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өтті. Әкім Ысқақ сонымен қатар барлық ұйымдастырушылар мен қатысушылардың қолдауы мен қатысуы кешті ұмытылмас әрі ерекше еткенін атап өтті.

 

 

150 қаралым