Жарияланды: 20.08.2018

Теріскейлік дихандар Ресейге қауын қарбыз экспорттады

Теріскейлік шаруалар рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Жер жыртып, егін еккен дихандардың биыл шаруасы шалқып тұр, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы. Ерте көктемнен қам жасаған созақтықтар аудан халқын тегіс өздерінде өскен қауын-қарбызбен қамтуда. Бұдан бөлек, Ресейге 250 тонна өнім экспорттады. Сапалы көкөністер көп көңілінен шығып, сауда қызған. Өндірісі өркендеген өлкеде ауыл шаруашылық саласы да қарқынды дамыған. Бүгінде ауданның 13 120 гектары — егістік алқабы. Оның 5 477 гектары — суармалы жер. Өз несібесін Жерден тауып жүрген Зульфия Абдыраманова – Түркістан облысындағы Созақ ауылының тұрғыны. Екі шаруа қожалықты біріктіріп, 180 гектарға егін еккен. 25 гектары — бау. Күніне 10 тоннаға жуық қауын-қарбыз саудалайды. Зульфия Абдыраманова – «Абдыраманова» шаруа қожалығының төрайымы: “70 га суармалы жеріміз бар, оның 20 гектарына бақша өнімдерін ектік, 3 гектар сәбіз, пияз. 6-7 гектарына картошка, ал қалғанына қауын-қарбыз ектік. Осы сезон уақытысында 25 адамды жұмыспен қамтамасыз етудемін. Ресейге 250 тонна қауын-қарбыз өткізгенде 50 адамдай жұмыс істеді”. Ауданда 15 су қоймасы бар. Облыстық құрылыс басқармасына тағы 5 суқойма салуға ұсыныс берілген. Бүгінде тиісті құжаттар дайындалып жатыр. Бұл суармалы жер көлемінің артқанын аңғартады. Айту керек, қазір Созақ ауылдық округінің өзінде 170 шаруа қожалығы бар. Олар 1 555 гектар жерді иегеруде. 1000 гектарға жоңышқа егілсе, қалғаны — көкөніс пен бақша дақылдары.
Арман Хафизов  – Созақ ауылдық округінің ауыл шаруашылығы жөніндегі бас маманы “Абдыраманова Зульфияның еккен егісі аудан көлемінде рекордтық деңгейге жетіп жатыр десек болады. Себебі, осы уақытқа дейін 200 тоннадай Россияға өз бақша өнімдерін артып үлгерді, Новосибирск және Хабаровск қалаларына. Қалғандарын осы ауылымыздың маңайындағы елдімекендерге сатуда. Суындық, Ақұйық деген суқоймалары салынып, каналдары жөнделетін болса, егістік жеріміз ұлғайып, егіс нәтижесі бұдан да үлкен нәтижеге жетеді деген ойдамыз”. Шаруалардың ендігі межесі — бақша дақылдарын уақытылы жинап алу. Бұл мақсатта барлық техника сақадай-сай.
Д.Мырзақадір

1 079 қаралым