Жарияланды: 02.08.2024

«Отбасы бірлігі – Отанның тірегі»: Арнайы байқау өтті

фото ТО ӘБҚ

 

Бүгінде Түркістан облысында ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған мәдени шаралар белсенді ұйымдастырылуда. Осындай шаралардың бірі Түркістан қаласында өткен «Ене мен келін» байқауы болды. Шараны қалалық «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы» ұйымдастырып, қалың жұртшылықтың назарын аударды. Байқауға Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ ауданын қоса алғанда, облыстың әр өңірінен алты отбасы қатысты. Бұл отбасылар ұрпақтар сабақтастығын және ұлттық мұраға деген құрметті көрсете отырып, өздерінің озық дәстүрлері мен мәдени құндылықтарын көрсетті.

 

Ұлттық құндылықтарды ұлықтау бүгінде басты назарда. «Ене мен келін» байқауы отбасылық дәстүрді нығайтуға, ұлттық қазақи құндылықтарды дәріптеуге бағытталды. Қатысушылар үлкенге құрмет, отбасы бірлігі мен ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан мәдени әдет-ғұрыптарды көрсетті. Іс-шара ұлттық мұраның маңызды құрамдас бөлігі болып табылатын үлкенді сыйлау, отбасы құндылықтары мен мәдени әдет-ғұрыптар сияқты қазақтың дәстүрлі әдет-ғұрыптарын сақтауға және насихаттауға ықпал етті.

 

Отбасылық қарым-қатынастарды қолдау да байқаудың басты талаптарының бірі.  Байқауда әртүрлі ұрпақтар арасындағы берік отбасылық қарым-қатынас пен өзара түсіністіктің маңыздылығына баса назар аударылды. Шара барысында енелер мен келіндердің өзара қарым-қатынасы отбасындағы татулық пен сыйластықты білдірді. Байқау кезеңдері қатысушылардың аспаздық шеберлігін, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды білуін, сонымен қатар шығармашылық қабілеттерін көрсетуге бағытталған түрлі тапсырмаларды қамтыды. Отбасылар ұлттық тағамдарды жасау, дәстүрлі ән мен билерді орындау, отбасылық әдет-ғұрыптар туралы әңгімелеудегі жетістіктерін көрсетті.

«Ене мен келін» байқауы Түркістан облысының мәдени өміріндегі отбасылық дәстүр мен ұлттық құндылықтардың маңыздылығын паш ететін айтулы оқиғаға айналды. Мұндай іс-шаралар мәдени мұраны нығайту мен отбасылық қарым-қатынасты қолдауда, қазақтың бірегей әдет-ғұрыптары мен дәстүрлерін дамыту мен сақтауға ықпал етуде басты рөл атқарады. Байқаудың басты мақсаты да сол – еліміздегі әрбір шаңырақтың тату-тәтті, үлгілі болуын насихаттап, ене мен келін арасындағы ауызбіршілікті сақтауға үлес қосу болып табылады. Жарасымды жанұяны анықтап, өнегелі отбасын көпке үлгі ету де бсты назарда. Ұлттық салт-дәстүрімізге сай ене мен келін шаңырақтың ұйытқысы мен берекесі екендігін ұғындыру. Сайысқа қатысушылар бүгінде ұмыт болып бара жатқан «Құрсақ шашу» яғни, жүкті әйелді құттықтап, бата берумен байланысты дәстүрді жаңғыртты. «Қазанжарыс», «Тымаққа салу», «Қырқынан шығару» :

«Тұмар» сынды көндене келе жатқан дәстүрлерді дәріптеп, сахналық көрініс қойды. Қатысушылар мақал-мәтелдерді айтудан жарыса отырып, өздерінің сөйлеу шеберліктерін көрсетті. Олар шебер қолдарымен кесте тігу арқылы қолөнер шеберлігін де көрсетіп, бұл өнерге мықты екендіктерін дәлелдеді.  Сондай-ақ, отбасылар қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетін құрметтейтін ұлттық нақыштағы киімдермен отбасылық қойылымдар көрсетті. Байқауда ерекше көзге түскен қатысушылар сыйлықтармен марапатталып, өз өнерлері үшін ең жоғары ұпайға ие болды. «Ене мен келін» байқауы Түркістан облысының мәдени өмірінде ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізудің маңыздылығын паш ететін айтулы оқиғаға айналды. Іс-шарада отбасылық дәстүр мен мәдени мұраны құрметтеу, отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға және қазақтың әдет-ғұрыптарын кеңінен насихаттауға ықпал ететіндігі айтылды

Жиында сөз алған облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов пен қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлмайымбетов бүгінгі байқаудың маңыздылығына тоқталып, отбасы бірлігі – Отанның тірегі екеніне тоқталды. Қариялар ұлағатты әңгімелерінде ел боламыз десек, отбасы іргесін нығайтып, жас ұрпаққа лайықты тәрбие беру керектігін айтты. Олар әр шаңыраққа бақытты да баянды ғұмыр тіледі. Расында аталған шараның барысында отбасындағы ене мен келіннің сыйластығын паш ету болатын. Сол арқылы кіші отан – отбасындағы татулықты сақтау, ұрпаққа өнегелі тәрбие беру басты ұстын болды. Байқау өз мақсатын орындады. Көрермендер үлкен ғибратты дүниені көріп, көзайым болды.

Шара соңында жақсы өнер көрсеткен, алтын қолды шеберлігімен тәнті еткен жеңімпаздар мен қатысушыларды марапаттаумен аяқталып, олардың әрқайсысына естелік сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді. «Ене мен келін» байқауы көрермендерге жарқын әсер қалдырып, ұлттық құндылықтарды сақтап, ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды. Алдағы уақытта осындай берері мол, тәлім аларлық тәрбиелік мәні мен мағынасы мықты шаралар жалғасын таба беретін болады.

64 қаралым