Жарияланды: 21.08.2018

Жаңа Мақтааралдың экономикалық даму мүмкіндігі өте жоғары

Бақыт Асанов, Мақтаарал ауданының әкімі: «Іріленген Мақтаарал ауданы қайтадан екіге бөлініп Мақтаарал және Жетісай аудандары құрылды.  Жаңа құрылған ауданның әлеуметтік–экономикалық даму мүмкіндігі жоғары болмақ. Міне, Елбасымыздың арқасында бір кездері мақта өндіруден көш бастаған аудан қайтадан дербес шаңырақ құрып, күллі мақтааралдықтардың арманы орындалды. Кез келген ауданның, аймақтың, тіпті тұтас мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуын көтеретін – ол кәсіпкерлік, оның ішінде өнеркәсіп саласы. Бұл ретте іріленген Мақтаарал ауданының индустриалды аймағы – бізге мұра боп қалып отыр. Ағымдағы жылы Мақтаарал ауданының индустриалды аймағында 1 жоба, келесі жылы 3 жоба іске асырылып, 100-ден астам адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданында асфальт-бетон зауыты, полиэтилен өнімдерінің және медициналық мақта өнімдерінің өндірісі, сондай-ақ темірді қайта өңдеу өндірісі іске аспақшы. Қазіргі таңда ауданның индустриалды аймағынан жер бөлініп, құрылысы басталған «Soldatos» ЖШС-ның асфальт-бетон зауытын салуға 300 миллион теңге жұмсалмақ. Жоба бойынша 30 адам жұмыспен қамтылып, сағатына 300 тонна асфальт-бетон өнімдері өндірілетін болады. Сондай-ақ, «Раджапов» жеке кәсіпкерлігінің «Полиэтилен өнімдерінің өндірісі» жобасының құрылысын бастау үшін құжаттар рәсімделуде. Жобаның құрылысына 200 миллион теңге жұмсалып, жаңадан 36 жұмыс орны ашылады».

Э. Өсербекова, «Мақтаарал» газеті

1 068 қаралым