Жарияланды: 04.08.2024

Атақты композитордың мұрасын дәріптеуге арналған байқау өтті

фото ММҮ

 

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Еңбекші ауылдық округіне қарасты «Жайлыбай» ауылдық мәдениет үйі мәдени-көпшілік шараларын сапалы өткізуімен танымал. Жуырда осы мәдениет ошағында ұлы композитор, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған аудандық ән байқауы өтті. Ән әлемінің падишасы, өнерін өміріне арқау еткен замана дүлдүлі, ұлы сазгер Шәмші Қалдаяқовтың әндерінен «Шарықта, Шәмші әндері!» атты аудандық ән байқауында бағын сынауға бел буғандардың қатары көп болды. Қазылар алқасы олардың арасынан іріктеп дара дауысты таланттарды байқауға қатысуға рұқсат берді.

 

Бүкіл саналы ғұмырын өнерге арнаған Шәмші Қалдаяқовтың мұрасына арналған байқауға сегіз талантты үміткер қатысты. Қатысушылар ұлы музыканттың әндерін орындап, өздерінің вокалдық қабілеттерін көрсетті, бұл нағыз мерекелік және шабыт атмосферасын тудырды. Шара аудан тұрғындарының ғана емес, өзге аудандардан келген қонақтардың да назарын аударып, өңірдің мәдени өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған ән байқауының мақсаты – ұлы композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығын жастар арасында дәріптеп, мұрасын ұлықтау болып табылады. Байқау сонымен қатар жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу, дарынды орындаушыларды іздестіру және патриоттық әндерді халық арасында кеңінен таратуға бағытталған.

 

Байқау шарттары бойынша Шәмші Қалдаяқовтың әнін орындау, екіншіден Отанға, туған жерге арналған патриоттық ән орындау болатын. Байқауға сегіз үміткер қатысып, өздерінің вокалдық қабілеттерін және патриоттық құндылықтарға адалдығын көрсетті. Шара дарынды жастарды анықтауға ғана емес, қатысушылар мен көрермендердің патриоттық сезімін нығайтуға да ықпал етті. Жас дарындар Шәмші Қалдаяқовтың «Қайықта» әнімен көрермендерді ән әлемінде қалықтатты, «Арыс жағасында» әнін айтып махаббат иіріміне иіріп әкетті. Жүрек қылын шертетін әуезді әндерді ән көгінде қалықтатып қазылар алқасының көңілінен шықты. Дауыс диапазоны бірінен бірі асып түсетін керемет шеберліктерімен таңқалдырды. Дара таланттарды тап басып тану әділқазыларға да оңайға соққан жоқ. Сонымен өзінің хас талантымен талайларды тамсандырған Достық ауылдық округінен келген Жасұлан Қасқырбай бірінші орынға лайықты деп танылды.  Ал Бірлік ауылдық округінің үкілеп қосқан үміткері Сейілхан Мұхаммеджан екінщі орынға тұрақтады. Мырзакент кентінен келген Мықтыбек Бекбосын үшінші орынға лайық деп танылды. Және бір үшінші орынға Жамбыл ауылдық округінің тумасы Майлыбай Алтынбек иеленді. Алдағы уақытта вальс королін дәріптеуге арналған осы бағыттас байқаулар жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде хас таланттарды дөп тауып, қанатын қатайтуға сеп болмақ.  

 

 

124 қаралым