Жарияланды: 05.08.2024

Бар жақсылық балаларға…

фото ЖАӘБҚ

 

Түркістан облысында спортты дамытуға көп көңіл бөлінсе, бұл бастаманы белсенді қолдап отырған ауданның бірі – Жетісай ауданы. Жуырда аудан басшысы Серік Мамытов «Күлбала» спорт кешеніне арнайы ат басын бұрып, оның бүгінгі тыныс-тіршілігімен, спортпен шұғылдану жағдайларымен танысты. Бұл спорт кешенінде 200-ден астам жас бокс, еркін күрес, үстел теннисі, қазақша күрес сынды спорттың әр түрімен айналысады.

«Күлбала» спорт кешенін аралауда өңірде жастардың дене шынықтыруына және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететін спорт мекемелерін құру мен қолдаудың маңыздылығы айтылды. Осындай кешендерге қолдау көрсетіп, спорттық бастамаларға көңіл бөлу Түркістан облысында спортшылардың жаңа буынын тәрбиелеуде және спорт мәдениетін нығайтуда басты рөл атқарады.

 

Жетісай ауданындағы соңғы рет 2019 жылы қайта жөндеуден өткен «Күлбала» спорт кешені бүгінде шұғыл жөндеуді қажет етеді. Кешеннің төбесінен су ағып, қабырғалары опырылып, жуынатын бөлмелердегі едендер мен жабдықтарды, жылыту қазандықтары мен терезелерді ауыстыру қажет екені хабарланды. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев барлық жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 16 миллион теңге қажет екенін атап өтті. Бұл шаралар спорт кешенін қалпына келтіруге және жас спортшылардың жаттығу мен спортпен шұғылдануы үшін тиісті жағдай жасауға мүмкіндік береді.

 

Басқарма басшысының айтуынша, «Күлбала» спорт кешенінде жаттығып жүрген 23 спортшы бокстан халықаралық, республикалық және облыстық жарыстардың чемпионы атанды. Екі мүмкіндігі шектеулі жас ел чемпионы атанса, бір спортшы қола жүлдені қанағат тұтты. Сонымен қатар, еркін күрестен үш спортшы халықаралық жарыстардың чемпионы атанды. Бұл жетістіктер кешенге тартылған жас спортшылардың дайындығы мен дарындылығының жоғары деңгейін айғақтап, одан әрі табысқа жету үшін оны қолдау мен қайта құрудың маңыздылығын атап көрсетеді.

 

Айта кету керек, бүгінгі таңда аудан басшысының қолдауының арқасында ауылдар мен елді мекендерде заман талабына сай заманауи спорт ғимараттары мен балалар спорт алаңдары бой көтеруде. Бұл бастама салауатты және белсенді ұрпақ тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратын спортпен және дене шынықтырумен айналысуға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.  Осылайша, спорт инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлу және жастардың спорттық талпыныстарына қолдау көрсету Жетісай өңіріне жаңа чемпиондарды өсіруге және өңірдегі спорт мәдениетін нығайтуға септігін тигізеді. Аға буын өкілдерінің жас ұрпаққа жасап жатқан осындай игілікті істерінің арқасында ертеңгі күні ел чемпиондарынан бастап әлемді бағындырған айтулы чемпиондар шығатыны сөзсіз. Ағадан қамқорлық көрген жас буын жақсылықты еселеп қайтарары айқын.

 

116 қаралым