Жарияланды: 09.08.2024

Жетісайлық теңбіл допшылар жарады

фото Елтұмар.кз

 

Түркістан облысы, Жетісай ауданындағы стадионда өткен Қазақстан бірінші лигасының кезекті туры оралдық «Ақжайық» клубымен кездескен жергілікті команда үшін айтулы оқиға болды. Жетісайлықтар өз алаңында тамаша ойын өрнегін көрсетіп, матчты сенімді түрде бақылап, қарсыластарынан басымдық танытты.

 

Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ жетісайлықтар жоғары жинақылық пен тактикалық ұйымшылдық танытты. Ойынның бастапқы кезеңдерінде қарсылас белсенді шабуыл жасауға тырысты, бірақ жергілікті команда үшін «жіберіп алма» ұраны басты болды. Қорғаушылар табандылық танытып, «Ақжайыққа» өз қақпасының маңында қауіпті сәттер жасауға мүмкіндік бермеді. Бірінші таймның шешуші сәті 37-минутта жау қорғанысын бұзып үлгерген жетісайлық шабуылшы Рамазан Абылайханның голы болды. Бұл гол команданың рухын көтеріп, шабуылдың жаңа толқынына әкелді. Араға бірнеше минут салып, 43-минутта Әділет Омарбек есепті еселеп, ойыншылардың сенімділігін одан әрі нығайта түсті. Жастардың жарқын ойыны ерекше мақтауға тұрарлық.

 

Екінші таймда «Ақжайық» шабуылдағы күш-жігерін күшейтіп, матчтың бағытын өзгертуге тырысты. Алайда Жетісай елеулі қарсылық көрсетті. Ұйымшыл қорғанған команда 63-минутта Асылжан Асатулла үшінші голды соғып, матч тарихына өз есімін жазды. Осы сәт жергілікті құраманың артықшылығын айқын таныта отырып, кездесудің нәтижесін шешті. Төрешінің соңғы ысқырығы 3:0 есебімен Жетісайдың жеңісін тіркеді. Ойыншылар матч бойы командалық рух, бірлік пен табандылық танытты. Бұл нәтиже командаға турнирдегі маңызды ұпайларды ғана емес, келесі ойындарға тамаша мотивация болды. Жанкүйерлер фавориттерінің ойынына риза болып, келесі матчтарды асыға күтуде.

 

Тартысты ойынды тамашалап, жергілікті командаға жанкүйер болған Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов пен ел азаматтары кездесуден соң теңбіл доп шеберлерін жеңістерімен құттықтады. 16-тамыз күні «Екібастұз» құрамасымен өтетін кезекті кездесуде жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектестік білдірді. Айта кетейік, «Ақжайық» құрамасын айқын басымдықпен жеңген «Жетісай» командасы 18 кездесуде 34 ұпай еншілеп, турнир кестесінде ІІ орынға табан тіреді. Биылғы маусымда жетісайлықтардың айдарынан жел есіп тұр.

136 қаралым