Жарияланды: 13.08.2024

Спортшылар айтулы додаға қызу дайындық үстінде

фото Түркістан спорт

 

8-13 қыркүйекте Астанада көшпенділердің ұлттық ойындарын, салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін маңызды халықаралық спорт мерекесі – V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталады. Жыл басынан бері ұлттық құрама спортшыларының қатысуымен төрт рет оқу-жаттығу жиынын өткізген қазақстандық балуандар бұл шараға қызу дайындық үстінде. Атап айтқанда, палуандар Алматыда, сондай-ақ Грузия мен Қырғызстанда екі рет дайындықтан өтті. Түркістан облысының спортшылары да айтуыл шараға қызу дайындық үстінде. 100-ден астам елден 4 мыңға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттық бағдарлама аясында ұлттық күрес, ат бәйгесі және дәстүрлі зияткерлік ойындар сынды спорттың 20 түрінен жарыстар жоспарланған. Сондай-ақ «Көшпенділер ғаламы» этноауылы ашылады, онда қонақтар қазақ халқының және басқа да қатысушы елдердің мәдениеті мен дәстүрлерімен таныса алады.

Бұл ойындар этникалық спорт түрлерін танымал етіп қана қоймай, халықаралық байланыстар мен халықтар арасындағы мәдени ынтымақтастықты нығайтады. Қазақстан өзінің бай мәдени мұрасы мен спорттық жетістіктерін әлемдік аренада көрсетуге ұмтылуда.

Қазіргі уақытта кезекті оқу-жаттығу жиыны 1-14 тамыз аралығында Ақмола облысының Щучье қаласында өтуде. Бұл оқу-жаттығу жиыны барысында балуандардың арасында қорытынды белдесулер өткізіліп, әр салмақтың үздіктері анықталды. Құрыш білекті балуандар  өнерлерін салып, жеңіске жетуге барын салды. Сөйтіп, 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына келесі балуандар іріктелді: Ерлер арасында – Төлепов Бекжан (55 кг, Жетісу облысы.), Берекетов Мейіржан (60 кг, СҚО), Тұқышев Дидар (66 кг, Абай облысы.), Қожамбеков Жұмажан (74 кг, Шымкент қ.), Сейітқазынов Ерсін (82 кг, Абай облысы.), Жанатаев Ерасыл (90 кг, Алматы қ.), Мұзаппаров Ерсұлтан (100 кг, Шымкент қ.), Жарылғапов Нұрдәулет (+100 кг, Маңғыстау облысы.). Әйелдер арасында – Жылқыбаева Айжан (48 кг, Түркістан облысы.), Азаматова Назерке (52 кг, Ақтөбе облысы.), Нұрмахамметова Рауза (56 кг, Жамбыл облысы.), Құсақбаева Бақыт (60 кг, Ақтөбе облысы.), Сарипова Зарина (65 кг, Абай облысы.), Нысантайқызы Роза (70 кг, Абай облысы.), Файзолланова Зәмзәгүл (77 кг, Шымкент қ.), Бахиева Альбина (+77 кг, Шымкент қ.).

Жекпе-жек өнері бойынша V Азия ойындарында самбодан Айжан Жылқыбаева үздік болған болатын. 48 келіге дейінгі салмақтағы финалдық белдесуде Қазақстан спортшысы Қырғызстан өкілі Айткүл Абдылдабек қызын 1 (3) — 0 (0) есебімен ұтты. Бұл медаль Ашхабадтағы  Азия ойындарында Қазақстан құрамасының қоржынындағы 54-ші (16 алтын, 13 күміс және 25 қола) болды. Айжан Жылқыбаева 2013,2014 жалдары да дәл осы күрес түрінен жеңімпаз болған-тын. Құрыш білекті ару алдағы Көшпенділер ойындарында да жасындай жарқ етіп, жеңіс тұғырынан табылатынына сенім мол.

Қазақ күресінен ҚР ұлттық құрамасының бас бапкері Ғани Келдіқұловтың айтуынша, кешенді ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны 27 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді. Қазақ күресінен Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы күрделі ойындарға дайындық аясында бесінші оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Спортшылар тау беткейлерінде жалпы дене шынықтыру жаттығуларымен белсенді түрде айналысады, бұл олардың дене дайындығы мен төзімділігін шыңдауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, олар шетелдік балуандармен тәжірибе алмасып, олардың шеберлігі мен тактикасын жетілдіруге септігін тигізді.

Команда жаттықтырушысы спортшылардың физикалық тұрғыдан да, тәжірибе жағынан да алдағы маңызды жарыстарға толық дайын екендігіне сенімді. Соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ жоғалту мен қалпына келтіруге баса назар аударылады, бұл жарыстарға дайындықтың маңызды кезеңі. Бұл балуандарға оңтайлы физикалық пішінге қол жеткізуге және алдағы ойындарда үздік нәтиже көрсетуге мүмкіндік береді. Түркістандық оғландар алдағы айтулы додада жеңісті қолдан бермей, үздіктер қатарынан көрінетініне сенім зор.

173 қаралым