Жарияланды: 13.08.2024

Мәдениет саласының алдағы жоспарлары талқыланды

фото ТО МБ

Түркістан облысы мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев алдағы жоспарларды жүйелеу үшін арнайы жиын өткізді. Аталмыш  жиынға басқарма басшылары мен мамандары, мекеме басшылары жиналды. Отырыста 2024 жылдың 8-13 қыркүйегі аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу үшін мәдениет қызметкерлерінің дайындығы талқыланды. Алға қойған міндеттер мен жоспарлар мамандар тарапынан жан жақты талқыланды.

Бұл ойындар аясында спортшылардан бөлек облыс өнерпаздары да қатысады. Олар өз өнерлерін көрсетеді, оның ішінде үздік қолөнершілер өз туындыларын көпшілік назарына ұсынады, өлең оқу және көшпенділердің дәстүрін насихаттайтын спектакльдер қойылады. Ақындар айтысына суырып салма айтыскер ақындар қазірден ақ дайындықты бастап кетті. Ауқымды концерттік бағдарлама барысында түркістандық күміс көмей әншілер мен бұраң бел бишілер өз өнерлерін ортаға салатын болады.

Сонымен қатар, Қазақстанның мәдени мұрасына назар аударатын өңірдің туристік әлеуеті таныстырылады. Ойындар аясында жоспарланған концерттік бағдарлама мәдени алмасудың маңызды бөлігіне айналады және қатысушылар мен көрермендерге көшпенділердің мәдениеті мен дәстүрлерін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді.

Жазғы демалыстан кейін «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі қайта жалғасады. 14-15 тамыз күндері «Этно-ауыл» кешенінде Арыс ауданының мәдениет күндері өтеді. Фестиваль барысында өнерпаздар салт-дәстүрді бейнелейтін сахналық қойылымдар қойып, қолөнершілердің көрмелерін өткізеді, сонымен қатар ұлттық тақырыптарға арналған қойылымдар мен ұлттық ойындарды насихаттайды. Келесі күні, 15 тамызда Керуен сарайының аумағында гала-концерт өтіп, көрермендер талантты орындаушылар мен өнерпаздардың өнерін тамашалайды. Фестиваль өңірдің мәдени мұрасын кеңінен насихаттау және Арыс өңірінің өнері мен мәдениетінің дамуына үлес қосып отырған өнерпаздар мен қолөнершілер арасында тәжірибе алмасу алаңын құруға бағытталған.

Жиын барысында қатысушылар алдағы міндеттерді жан-жақты талқылап, өз пікірлерін білдірді. Шетел ғалымдарының қатысуымен өтетін «Қожа Ахмет Ясауи мұрасына жаңа көзқарас» халықаралық конференциясы, «Түркістан үні» республикалық ән байқауы, сондай-ақ «Тұран дауысы» сынды ауқымды шараларға дайындық басталып кетті. Республика күні қарсаңында қазақтың дәстүрлі әндерін орындаушылардың халықаралық байқауы да жоспарланған.

Сонымен қатар, кітапхана, мұражай және кинематография, тіл және ономастика салаларында жоспарланған іс-шаралар жалғасын табады. Бұл бастамалар Қазақстанның мәдени мұрасын сақтауға және танымал етуге, сондай-ақ жастарды мәдени үдерістерге тартуға бағытталған. Кездесуге қатысушылар жастардың талантын шыңдап қана қоймай, мәдени тұлғасын қалыптастыруға септігін тигізетін бұл іс-шараларға белсенді қатысуының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ өткізіліп жатқан іс-шаралардың деңгейін көтеру үшін халықаралық ұйымдармен және сарапшылармен ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Дайындықтың маңызды аспектісі — қазақтың мәдениеті мен салт-дәстүрінің байлығын көрсететін мүмкіндігінше көп өнерпаздар мен орындаушылардың қатысуына жағдай жасау. Жиынға қатысушылар алдағы іс-шаралардың облыстың, жалпы еліміздің мәдени өмірі үшін маңызы зор болатынына сенім білдірді. Сонымен алдағы іс-шаралар Қазақстанның мәдени өмірінде өнердің дамуына және ел ішінде де, халықаралық аренада да мәдени байланыстардың нығаюына ықпал ететін маңызды кезеңге айналдыратын шаралар жоспары тиянақталды.

245 қаралым