Жарияланды: 22.08.2018

Бизнесте даму байқалады

Бүгінде Жетісай ауданында кәсіпкерлікпен айналысатындардың қатары жыл жылжыған сайын артып келеді. Қызмет көрсету, өнім өндіру сынды сан салада нәпақа тауып жүргендер сонымен қатар қазына қазанын да қомақтыландыруда. Бүгінде ауданда 5596 заңды тұлға тіркелген. Оның 835-і ірі, ал 4761-і жеке кәсіпкер саналады, деп хабарлайды Жетісай ауданы әкімінің баспасөз қызметі.Соңғы жылдары жеке кәсіпкерлік саласында даму байқалады. Аудандық кірістер басқармасының мәліметіне сүйенсек, бұрынғы іріленген Мақтарал ауданында 16 базар, 3 ірі сауда орталығы, 17 тойхана және 10 мейрамхана мен 36 кафе, сондай-ақ, 286 басқа да қоғамдық тамақтану орындары тіркелген. Соның басым бөлігі Жетісай ауданындағы қала мен кентте орналасқан. Қазіргі таңда Жетісай ауданы әкімінің тапсырмасына сай сауда базарларында қызмет ететін салық төлеушілердің жеке кәсіпкер ретінде тіркелуін және бақылау касса машиналары мен POS терминалдарының бар-жоқтығына түгендеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта жергілікті әкімшілік, құқық қорғау органдары, «Нұр Отан» партиясы, Ұлттық кәсіпкерлер палатасы және прокуратура қызметкерлерінің ұйымдастыруымен рейдтік тексеру жұмыстары жоспарлануда. Өйткені 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ашық сауда базарларының аумағындағы стационарлық емес сауда нысандарындағы сатушылар бақылау касса машинасын қолдануға міндетті болады.

1 564 қаралым