Жарияланды: 12.12.2024

МҰЗ ЕРІТУГЕ АРНАЛҒАН ТҮЙІРШІК ШЫҒАРАТЫН КӘСІПОРЫН АШЫЛМАҚ

фото ТОӨКҚ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров түркиялық «KAR-TEM» компаниясының директоры Исмаил Сонмезбен кездесті. Кездесу барысында тараптар облыс аумағындағы Өндірістік паркте мұзды ерітетін тұз түйіршіктерін өндіретін жаңа кәсіпорын ашу жобасын талқылады.
«KAR-TEM» компаниясы жоғары деңгейдегі гибридті кристалға негізделген түйіршіктерді өндіреді. Бұл түйіршіктер кальций және магний хлоридімен байытылған және өте төмен температурада, яғни -30°C-тан -40°C-қа дейін мұзды тез еріту қасиетіне ие. Экологиялық таза және экономикалық тұрғыдан тиімді болып табылатын бұл өнімдер қыста жолдарды, алаңдарды, аяқжолдарды және басқа да инфрақұрылымдарды қауіпсіз әрі жылдам тазартуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 5 миллион АҚШ долларын құрайды. Жаңа кәсіпорынды 2025 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғанда 300-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ.
477 қаралым