Жарияланды: 30.08.2018

Тиімді тәсілмен ұсынады

Ауылдағы ағайынның мол табыс тауып, шаруасын дөңгелету үшін техниканың алар орны ерекше. Бүгінде «Ырыс» микроқаржы ұйымы ескі ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту мақсатында тиімділігі мол  бағдарламасын ұсынып отыр. «Жуырда Бәйдібек ауданында іссапармен болдық, – дейді «Ырыс» МҚҰ директоры Д.Арынғазин. – Шаруалармен тілдесе келе, оларға ауыл шаруашылығы техникалары ауадай қажет екенін білдік. Жалпы, мұндай мәселенің қазір ауданның барлығында да өткір күйінде тұрғаны бір іссапардың өзінен-ақ байқалып отыр. Бағдарламаға бірінші болып қатысуға Отырар ауданынан бір фермер өтініш берді. Бұл біздің алғашқы пилоттық жобамыз болмақ. Осы фермердің үлгісі негізінде басқаларды да бағдарламаға шетінен қатыстыра береміз. Инвестициялық субсидия шаруалардың бәріне бірдей беріле бермейді. Ол үшін фермердің белгілі бір мөлшерде малы, егістік, жайылымдық жері болуы керек. Міне, осындай шарттарға сәйкес келсе ғана шаруаға инвестициялық субсидия төленеді. Ал, егер де фермер мұндай қаражатты алмаған болса бағдарламаға қатыса ала ма? Иә, қандай жағдайда да бағдарлама арқылы техникалы болуға толық мүмкіндігі бар. Тек техника құнының 20-25 пайыз төлемін алдын ала жасаса болды. Бағдарламада көрсетілген өзге жеңілдіктер сол күйінше сақталады. Яғни, техниканың алдын ала төлемін өз қалтасынан шығарған фермер сол техниканы кепілдеме мүлік ретінде қоя алады. «Ырыс-өркендеу» бағдарламасы бойынша техника лизингке жылдық мөлшерлемесі 9 пайызбен беріледі. Өзге қаржы институттарында пайыздық мөлшерлеме 14 пайызды құрайды. Сонымен бірге, жаңа бағдарламада несие 7 жылға беріледі және ауыл шаруашылығы техникаларын 10 млн. теңгеге дейін алуға мүмкіншілік бар. Сонымен, «Ырыс-өркендеу» арқылы лизингке техниканы Түркістан облысында тіркелген кәсіпкерлікпен айналысушы заңды тұлғалар, шаруа қожалықтары, жеке кәсіпкерлер және ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері алуға құқылы.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

1 444 қаралым