Жарияланды: 31.08.2018

Әлемнің ешбір елінде жоқ жоба

Түйе және бие сүтін өңдейтін «Golden Camel» кәсіпорны өңірдегі өзге де кәсіп түрлеріне соны серпін бермек. Алдағы уақытта кәсіпорын жақын аумақтағы ауылдардан түйе және бие сүтін сатып алмақ. Көне шаһар Қызылорда, Түркістан, Жамбыл облыстарының дәл орта тұсында орналасқан. Үш өңірден де бірдей қашықтықта жатқандықтан сүтті жинау оңай. Осы үш облыстың түйелерін қосқанда олардың жалпы саны 84 мың екен. Бұл республикадағы жалпы түйе санының 43 пайызына тең. Яғни Қазақстандағы Ойсылқара төлінің жартысына жуығы еліміздің оңтүстік өлкесінде деген сөз. Сондықтан инвесторлар шикізат мәселесінде ешқандай проблема көріп отырған жоқ. Сонымен инвесторлар 3 жылға 4,5 гектар жерді жалға алып, зауыт құрылысын бастайды. 2016 жылы «Golden Camel» қазақ-қытай бірлескен компаниясы тіркеуге алынады. Жобаның жалпы құны 7 млрд. 456 млн. теңгені құрайды. Бұл инвестициялық жобалардың қатарына жататындықтан оған Үкімет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған. Жалпы, қазақ-қытай бірлескен жобалардың тізімі деген болады. Оған 51 жоба кіреді. 2017 жылы «Golden Camel» кәсіпорны да сол тізімнің қатарына  енгізіліпті. Осы 51 жобаның үшеуі Түркістан облысында жүзеге асуда. Бұл тізімге ену бізге не береді? Ең алдымен, Қытай нарығына шығуға мүмкіндік туады. Себебі, Қытай үкіметі келісім болмаған шетелдік тауарларды өз нарығына оңайлықпен кіргізбейді екен. Ал, шығыстағы көршімізбен арада келісім болған соң келешекте түйе сүтінің өнімдері ол елге емін-еркін сатылатын болады. Жоба бойынша зауыттағы қондырғылар жаңадан қойылады. Ешқандай да Қытайдағы зауыттан бұзып әкелінген ескі қондырғылар емес. Тіпті, жаңа қондырғылар бойынша жоба жетекшілері бірнеше патент те алып үлгеріпті. Құдай қаласа, зауыт іске қосылса, Қазақстандағы сүт өңдейтін ең үлкен кәсіпорын атанады. Себебі, күніне 100 тонна түйе мен бие сүтін өңдейтін зауыт Қазақстан былай тұрсын, әзірге әлемнің өзінде жоқ.

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

1 356 қаралым