Жарияланды: 08.09.2018

Құрылыс қазаны қайнайды

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың айтуынша, Түркістан облысына қарасты Шымкенттегі ауруханалар кезең-кезеңімен көшіріледі. «Медициналық мекемелердің жетіспеуі мәселесін шешу үшін барлық жұмыстар жүріп жатыр. Шымкентте орналасқан клиникалар және балалар ауруханасы сол жақта қала береді. Облыстық туберкулезге қарсы және жүйке аурулары диспансері, екі бірдей перинаталдық орталық жұмысы жалғаса береді. Мұндай тәжірибе Алматы облысында да, Астанада да бар. Себебі, шалғай орналасқан Мақтаарал, Шардара сияқты аудан тұрғындарына Түркістанға қатынау қиынға соғады. Шымкенттегі бұрынғы облыстық денсаулық сақтау басқармасындағы екі кабинетте арнайы мамандарды қалдырып отырмыз. Себебі, сол аудан тұрғындарының кейбір мәселелері бойынша арыз-шағымдар қабылданады. Ауруханаға жатқызу жайттары қаралады», деді Мұқан Егізбаев. Сонымен қатар Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты бірнеше нысанды салу үшін республикадан қаражат бөлу сұралған. Мәселен, Түркістандағы перинаталдық орталықтың жанынан қосымша 150 орындық ғимарат салу қажеттігі туындап отыр. Кентау қаласы мен Сайрам, Жетісай аудандарына, Мырзакент пен Атакент кенттеріне 5 емхана салуға да республикадан қаржы бөлу жағы қарастырылуда. Сондай — ақ, дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі жүзеге асып жатыр. Алдағы уақытта мамандар Ресей еліне барып тәжірибе алмасып келеді.

 

 

1 043 қаралым