Жарияланды: 07.05.2017

ТҮЛКІБАСТА ҚЫЗҒАЛДАҚТАРДЫ ҚОРҒАУ ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған туған жердің табиғатын көздің қарашығындай сақтау жөніндегі бастамасы аясында Түлкібас ауданындағы Шұбайқызыл шоқысында «Шырайлым Шұбайқызылым» атты фестиваль өтті.
Фестивальде жастарды табиғатты аялау, қорғау, сақтауға шақыру мақсатында «Шұбайқызыл шоқысының» тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, табиғат тақырыбында көрме мен жас суретшілердің сурет байқауы өткізілді.
Шұбайқызыл шоқысын да еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Ең көп шоғырланған жері осы Шұбайқызыл шоқысы. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді «Красная горка», кейінен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» қайта атауы берілді.
1977 жылдан бері бұл жер мемлекеттің қарауындағы аймақ болып саналады. Жыл сайын облыстық орман шаруашылық инспекциясы мен ұлттық парктің өкілдері, ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аталған жерде қорғау жұмыстарын жүргізеді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

3 075 қаралым