Жарияланды: 07.05.2017

ТҮРКІ ӘЛЕМІ ТЕАТРЛАРЫНЫҢ ФЕСТИВАЛІНДЕ ТҮРКIСТАН ТЕАТРЫ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНА ІЛІКТІ

«Театр көктемi – 2017» дәстүрлi халықаралық фестивалi биыл да көрермендердi Оңтүстiк көктемiнiң жанға жайлы шуағындай рухани шаттыққа бөледi. Фестивальде жергiлiктi облыстық бес театр, Астана қаласының Жастар театры, Павлодар облыстық және Қырғызстан, Өзбекстан республикаларының театрлары төрт күн бойы қойылымдарын көпшiлiк назарына ұсынды, деп жазады «Оңтүстік Қазақстан» газеті.Мәдениет мерекесiнде театрсүйер қауым Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық театры сахналаған «Арқалық батыр» драмасын, Р.Сейтметов атындағы Түркiстан қаласының сазды драма театры қойған Г.Хугаевтың «Қара шекпен» әпсанасын тамашалады. Бұл екi қойылым да Түркiстан қаласында шымылдығын түрдi. Ал, Шымкенттегi облыстық орыс драма театрында У.Шекспирдiң «Асауға тұсау» комедиясын сахналаған Астана қаласы әкiмдiгiнiң Жастар театры биыл да көрермен күткен биiктен аласармай, өз өнерлерiмен таң-тамаша қалдырды. К.Иманалиевтiң «Коркут ата» аңызы негiзiнде жазылған қойылымды әкелген Қырғыз ұлттық академиялық драма театры мен Әзiрбайжан мемлекеттiк Д.Джаббарлы атындағы Ереван драма театры әртiстерiнiң ойыны да жергiлiктi көрермен үшiн таңсық дүние.Фестиваль биыл «Түркiстан – түркi әлемiнiң мәдени астанасы» жобасы аясында облыс әкiмдiгiнiң қолдауымен, облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен қазақтың тұңғыш режиссерi Жұмат Шаниннiң 125 жылдығына арнап өткiзiлдi. Белгiлi театртанушылар мен мәдениет саласының үздiктерiнен құралған қазылар алқасы қойылымдарды сараптап, бағасын бердi. Нәтижесiнде бас жүлденi Астана қаласы әкiмдiгiнiң Жастар театры жеңiп алды. Ал, бiрiншi орынға Райымбек Сейтметов атындағы Түркiстан қаласының сазды драма театры ие болса, екiншi орын Т.Абдумомунов атындағы Қырғыз ұлттық академиялық драма театрына бұйырды. Оңтүстiк Қазақстан облыстық әзiл-сықақ және сатира театрына үшiншi орын берiлiп, жеңiмпаздар диплом мен қомақты қаржылай сыйлықпен марапатталды.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі

3 055 қаралым