Жарияланды: 27.09.2018

Түркістан қаласын дамыту басты назарда

Түркістан қаласында Түркістан облысы Қоғамдық Кеңесінің отырысы өтті. Жиынның күн тәртібінде 7 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасап, Түркістан қаласының дамуы туралы сөз қозғады.

«Мінеки, Шымкенттен Түркістан қаласына көшіп келгенімізге тура 1 ай болды. Облыс орталығында қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Түркістанның дамуына Елбасымыз тікелей назар аударып, көңіл бөліп отыр. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 млн. 190 мыңнан астам турист пен зияратшылар келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Алайда, ол үшін  қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал  сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік-мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымдар жүргізу қажет. Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында қатынайтын жүрдек пойыз, Ташкент-Түркістан-Ташкент бағытында автобус маршрутын ашу бойынша алдын ала Өзбекстан тарапымен келісіліп, ҚР Инвестиция және даму министрлігіне жолданды. Қажетті жобалардың барлығы Кешенді жоспар жобасына енгізіліп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ұсынылды. Түркістан қаласында салынатын жаңа нысандар үшін қазандық пен  3 подстанция құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Су, газ мәселелері жедел қолға алынады. Тұрғын үй мәселесін шұғыл шешу үшін жергілікті бюджет есебінен Түркістан және Кентау қалаларында 1956 пәтерлі жалпы 33 тұрғын үйдің құрылысы басталып кетті. Мен облыс кәсіпкерлерін Түркістан қаласына инвестиция салып, өз жұмыстарын жүргізуге тағы да шақырамын. Әкімдік тарапынан қолдау болады. Бас Жоспар қабылданғаннан кейін Түркістанда құрылыс қарқын алады» деді Жансейіт Түймебаев.

 

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

1 044 қаралым