Жарияланды: 27.09.2018

Мырзакент өркендеу үстінде

Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан орталығы Мырзакент кенті мен Атакент кентіндегі өзекті мәселелермен танысу үшін тұрғындармен арнайы кездесті. Ең алдымен өңір басшысы Мырзакент кентінің мәселелі нысандарын аралап көріп, орталықтың тұрғындарымен жиын өткізді.  

 

Іріленген Мақтаарал ауданының тұсында орталықтан және тоғыз жолдың торабынан шет қалуы — Мырзакент кентінің дамуын тежеген. Бүгінгі таңда жаңа ауданның орталығы болған кентті дамытудың кешенді жоспары әзірлену үстінде. Жоспар бойынша Достық каналындағы үлкен көпір жөнделіп, каналдың жағалауы жаңа кейіпке енетін болады. Жаңақұрылыс аумағына қосымша трансформаторлар, электр желілерін  орнату және кент аумағындағы трансформаторлар мен электр желілерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарлануда. Амангелді, Жамбыл, Т.Мадиходжаев көшелеріне таза ауыз су жүйелері жүргізіледі. Сонымен қатар, кенттің ішкі көшелерін асфальттеу, жарықтандыру жұмыстары бұрынғыға қарағанда 2 есе артатын болады. Бұл туралы Мырзакент кентінің тұрғындарымен болған кездесуінде аудан әкімі Б.Асанов мәлімдеді.

 

Кент аумағының орталығына кәріз жүйесін жүргізу де қарастырылуда. Сондай-ақ, Бейбітшілік пен Яссауи көшелерінің бойына ағын су жеткізу үшін лоток орнатылатын болады. 14547 тұрғыны бар Мырзакентте көп қабатты үйлерді көптеп салу да кешенді жоспарға енген.  

 

Қазіргі таңда кентте 1 кооператив, 11 ЖШС, 36 дүкен, 15 кафе, 4 тойхана, 2 базар ғана бар. Аудан орталығында кәсіпкерлікті дамыту үшін сыртқы және ішкі инвестицияны тарту көзделуде. Ол үшін аудан бойынша белді кәсіпкерлердің басын қосып, жиын өткізетінін өңір басшысы атап өтті.

 

Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі

1 084 қаралым