Жарияланды: 30.09.2018

Өндіріс орнының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев Түркістан қаласындағы бірқатар нысандарды аралады. Аймақ басшысы әуелі «Түркістан индустриалды аймағында» орналасқан «Гранд микс» жиһаз фабрикасында болды. Кәсіпорын жылына 24 мыңнан астам жиһаз түрін жасап шығарады. Өндіріс орнының әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді, деп хабарлайды «Оңтүстік» арнасы.

2016 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде күллі Қазақстанды жиһазбен қамтамасыз етіп отыр.  Жобаның жалпы құны – 364 миллион теңге.   Екі гектардай  аумаққа орналасқан  өндіріс орнында  120 адам жұмыс атқарады.  Фабрика цехтары түгелдей заманауи құралдармен жабдықталған. Соның негізінде мұнда  жылына 150- 170 миллион теңгенің дайын  әрі сапалы өнімдері  өндіріледі.

 

Одан кейін облыс әкімі жалпы аумағы 15 мың шаршы метрлік «Мега сити» ойын – сауық кешені құрылысымен танысты.Нысанның жалпы құны 2 миллиард теңгенң құрайды. Мұнда алдағы уақытта 200 адам жұмыспен қамтылып, тәулігіне 800 адамға қызмет көрсететін болады. 5 қабатты кешеннің  әрбір қабатында түрлі бөлімдер орналаспақ.

Үлкен жолдың бойына орналасқан  кешен  Түркістан қаласындағы  көрікті  ғимараттардың бірі болмақ. Ал оның құрылысы алдағы желтоқсан айында толық аяқталалады деп күтілуде. 

М. Атабек                                   

1 457 қаралым