Жарияланды: 30.09.2018

625 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құймақ

Түрік компаниялары Түркістан облысына 625 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция қоюға дайын. Күні кеше Түркияның астанасы Анкара қаласында қазақ-түрік бизнес форумы өтті. Оған қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіп иелері қатысты. Түркістан облысынан барған өңір басшысының орынбасары Ербол Тасжүреков түркиялық ірі холдингтер мен компаниялар басшыларымен келіссөздер жүргізді.

Түрік инвесторларына Түркістанның инвестициялық тартымдылығы жоғары, ары қарай дамытып және кеңейтуге болатын салалары: жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, туризм таныстырылды. Нәтижесінде, сәтті бизнес жасауда 30 жылдан астам тарихы бар түркиялық «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуды көздеп отыр.  Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында орау материалдарымен қамтамасыз етілетін тоңазытқыш көкөніс қоймасы салынады. 1000-нан астам жұмыс орны ашылады.Сондай-ақ, түрік «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» компаниясы 2019 жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастауды жоспарлап отыр. Тартылатын инвестиция көлемі 5 млн. АҚШ долларын құрайды. Нәтижесінде 130-дан астам жұмыс орны пайда болады. Сонымен қатар, баламалы және жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағыты бойынша «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты екі ірі түрік компаниялары 50 МВт қуаты бар күн электр станцияларын салу мақсатында жалпы құны 120 млн. АҚШ долларын құрайтын инвестиция құюға дайындықтарын білдірді.

Нұрсұлтан ӘБДІРАШИТ                 

1 350 қаралым