Жарияланды: 02.10.2018

Түркістан туризм ордасы

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің мәдениет сарайында кәсіпкерлік және туризм бөлімінің ұйымдастыруымен «Тарихи туризм мекені – Түркістан» атты форумының аясында конференция болып өтті.  Форумның мақсаты  —  ҚР-ның туристік саласын дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес форумға қатысушыларды ішкі туризмді дамытуда қаланың туристік нысандарымен таныстыру. Туризм саласына инвестиция тарту және туризмді дамыту бағытында облыстық және республикалық деңгейлерде атқарылып жатқан шаралар жөнінде ақпарттық түсіндірме жұмыстарын жүргізу болып табылады.

Алқалы жиынға республикамыздың барлық өңірлерінен келген кәсіпкерлік және туризм басқармалары мен бөлімдерінің мамандары, қорық-музей және туристік орталықтардың қызметкерлері қатысты. Жиын барысында Түркістан қаласындағы туризмнің дамуы туралы сөз болып, осы тақырып аясында қалалық кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы Г.Даханова  баяндама жасады. 

«Қаламызда туризм саласын дамытуға үлкен  мүмкіндік бар. Келген туристерді күтіп алу, оларды орналастыру мен қызмет көрсету жұмыстарын дұрыс ұйымдастырып кіріс көзін ұяғайтсақ бюджет түсімі артатын болады»,-дейді қала әкімінің орынбасары М.Таңғатаров.

    Конференция аяқталған соң қонақтар киелі шаһардағы тарихи-мәдени орындарды және қаланың көрікті жерлерін ақпарттық-насихаттауға арналған бағдарлама бойынша біршама орындарда болды.

     Қатысушылар келесі күні Қаратау бөктерінде орналасқан Жылаған ата шатқалына саяхат жасады. Теңіз деңгейінен 1300 метр биіктікте орналасқан сарқырама үңгірді тамашалап, шығу тарихына қанықты. Ерекшелігі тылсым сырға толы мекенге тау жоталары арқылы бара аласыз.Ал, сарқырамасуыөзге сарқырамалар секілді үнемі ағып тұрмай белгілі бір уақытта ғана ағады. Жылаған ата үңгірінің шырақшысы
 Б.Құлжабаевтың айтуынша мұнда республикамыздан бөлек алыс-жақын шетелдерден келетін туристер мен зияратшылар саны соңғы жылдары едәуір артқан.  
  Одан соң «Укаша ата» кесенесіне келіп, ондағы терең табиғи құдық суының емдік қасиеті бар екенін естіген қонақтар таңданыстарын жасырмады. Түркістаннан солтүстік-шығысқа қарай 55 км жерде орналасқан кесененің биіктігі 4 метр, ені 4,6 метр. Аңызға сүйенсек құдық Укаша ата қайтыс болған күннен бастап  пайда болған деседі.

  Жоғарыда аталған тарихи мекендерде болған қонақтар Түркістан қаласын тарихы терең шаһар екендігіне көз жеткізіп, мұндағы туристік бағыттарды мықтап дамыту керектігін алға тартып отыр.

 Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ,

«Түркістан». 

1 272 қаралым