Жарияланды: 05.10.2018

Жолдау: Қазақстандықтардың әл ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру

Бүгін Мемлекет басшысы Н. Ә. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауын жалақы мөлшерін арттыру тапсырмасымен бастады. «Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын» деді Елбасы. Президент тапсырмасына сәйкес, келер жылы бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы 35%-ға өседі. Әл-Фараби ауданы аумағында 25 мектеп, 30 балабақша және 5 емхана, 4 аурухана, сонымен қатар, бюджет есебінен қаржыландырылатын кітапхана, театр сынды бірқатар мәдени мекемелер бар. 
Президент тұрмыс сапасын арттыруды, халыққа қызмет көрсетуді оңтайландыруды, білім беру жүйесін халықаралық стандартқа сай түбегейлі өзгертуді және медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстардың жандануына Әл-Фараби ауданы әкім аппараты да мейлінше үлес қосатын болады. Елбасы «Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын.
Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет» деп нақты тапсырма берді. Осыған орай, аудан аумағында салауатты өмір салтын ұстануға байланысты түрлі бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. 
Мемлекет басшысының «Мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған «кедергісіз орта» қалыптастыруға зор мән берілуге тиіс» деген тапсырмасына орай аудан аумағында тұрғындарға түрлі қызмет көрсететін кәсіпорындар мен мекемелерде пандус орнату жұмыстары жүзеге асады. 
2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Бұл орайда жастар сапалы білім алып, білікті маман, жас кәсіпкер қатарынан көрініп, түрлі қолдауға ие болады деген сенімдеміз.
Жолдау аясында қолға алынатын жаңа бастамалар мен жобалар халық үшін игілікке толы, Мемлекетіміздің қарыштап дамуына тиімділігі зор болсын! Осы мақсатта жұдырықтай жұмылып, нәтижелі жұмыс істеуге еңбек етейік 

 

1 156 қаралым