Түлкібас ауданы, Састөбе поселкесі әжелер кеңесінің төрайымы Бибізейнеп Кемелбековамен сұхбат:
-Бибізейнеп апа, аудандағы ең үздік әже номинациясын жеңіп алдыңыз. Әрі, өзіңіз әжелер кеңесінің төрайымысыз. Бұл күнде әжелер кеңесі қандай жұмыстар атқарады? Ауыл ішіндегі жастар, жас отбасы мәселесінде қандай рөлі бар? Сіздердің ақыл-кеңестеріңізге жүгініп тұра ма?
—Баяғыдан ата өсиетін тыңдап, аталы сөзге тоқтаған елміз. Бір замандарда атаның айтқаны, әкенің пәрмені заң болған. Ана сол елдің ұйытқысы, ерінің ақылшысы бола білген. Міне, осы саралы дәстүрді жалғастыру мақсатында әжелер кеңесі құрылған. Әрі қазақы қаймағы бұзылмаған ауыл екенімізді, ел іші екенімізді ұмытпайық деп бұрынғы салт-дәстүрімізді насихаттайтын байқаулар ұйымдастырып, сол жерде ана мен қыздың, ене мен келіннің рөлін көрсетеміз. Мағынаға толы қойылымдарымызды ұсынамыз, ұлттық құндылықтарым — қол өнерімізді, төл мәдениетімізді, ән-жырымызды арнаймыз. Мұнан соң, келіндер сайысын, әжелер байқауын, қыз сынын жиі өткізіп тұрамыз. Осының өзі білгенге көп өнеге болары сөзсіз.
Ауылымызда қазір белсенді сегіз әже бармыз. Олар Айша Нұрпейісова, Мәрия Есхожаева, Баян Бақтаева, Ұлбала Ибатпекова, Гүлнар Қалыбекова, Гүлзира Омарбекова, Сырға Темірова, Мүслипа Пірімбетова. Осы апалардың арқасында көптеген шаруалар жасалып, жұмысымыз дөңгеленіп жатыр. Бізбен тығыз қарым-қатынас орнатып, ылғи іс-шарамыздың басы-қасында жүретін әйелдер кеңесінің төрайымы Клара Тіленқызын, кітапханашы Айгүл Абдуллаеваны да айтпай кете алмаймын.
Қоғамда орын алып жатқан құбылыстарды, келеңсіздіктерді жалғыз адам шеше алмайтыны секілді, бізде де әжелер кеңесінен бөлек қоғамдық кеңес, ақсақалдар кеңесімен бірлесе отырып мәселені шешуге атсалысатын кездеріміз жиі болады. Мәселен, көршілердің дауы, ерлі-зайыптылар арасындағы шиеленіс… кей жағдайда сотқа дейін жеткізбей, не болмаса сот алдында бәріміз бірге талқылап, ақыл-кеңесімізді айтатын кездер болады. Осы орайда, қоғамдық кеңес төрағасы Болат Ыдыров, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Кеңес Досболов, қажы Бостан Отарбаев деген кісілердің осындай ауыл ішілік мәселелерді дау-дамайсыз шешуге келгенде сіңірген еңбегі жетерлік десем қателеспеймін.
-Әжелер алқасы қалай құрылды?
-2012 жылы поселке әкімдігінде әйелдер кеңесінің төрайымы Клара Тіленқызы шақырды. «Апа, «Ел іші – өнер кеніші» деген тақырыпта ауыл-ауылда байқау болатын еді. Қолыңыздан келеді ғой, осы байқауға қатыссаңыз деп ұсыныс тастады. Ол кезде ұлым басқа қалаларда қызмет істеп, алыс қалада немерелеріме қарап жүрдім. Сөйтіп бұл ұсынысқа ойланып жүргенде, мектепте жұмыс істейтін қайынсіңлім Сәуле Кемелбекова мені нұсқап: «Бізге қазақшылықты үйреткен жеңгем, жөн-жосықты, дәстүрді жақсы біледі» деп шегелеп жіберген соң, Клара қайта хабарласып тұр. «Апа, тез арада әжелер тобын құруымыз керек. Шұғыл жетіңіз» деп… Содан көп ойланып жатпай, ауылға қайта келдім. Келу бойына уақыт тығыз болғасын, іске кірістік. Ұлттық киімдеріміз, кимекшектерді өзіміз тіктік, сол арада алты әже жиналып, әрі көйлек тігіп отырмыз, әрі әндерімізді жаттап отырмыз, менің кішкене өлең құрап жазатыным бар… Содан әжелер сайысы басталды, киімдеріміз де өзіміз де, сақадай сай дайындалғанбыз, жарқырап шықтық. Ақырында Гран-При жеңіп алдық. Сол жылы ноутбук берді. Одан кейін облыстан бірінші орын алдық. Қойылымдарымыз көпшілікке ұнады. Осылай әжелер тобын құрап, жұмыс бастап кеттік.
-Бүгінгі әжелер бейнесі қандай болуы керек сіздіңше? Немерелеріңізге қалай уақыт табасыз? Оларды қалай тәрбиелеп келесіз?
-Мен өзгеге ақыл айту үшін алдымен өз басымдағы жағдайымнан мысал келтіре кетейін. Алдымен өзім қандай анамын, қандай әжемін деген сауал тұрғысынан қарайын. Көп жылдар асханада жұмыс істедім. Расын айтсам, мектептен кейін жоғары оқу орнын оқи алмадым… Әкем діндар кісі еді, Бәйдібек ауданы Қызыларық деген жердің қызымын. Руымыз нөкіс, түбіміз Төле би атаның Ақбілек деген қарындасын алған араб жігітінен тарағанбыз, сол кездері арғы аталарымыз елге дін таратқан екен. «Осы білімің жетеді, балам, ешкімнен кем болмайсың» деді әкем жарықтық. Ол кездегі әкенің айтқаны заң, айтты көнесің. Өзім оқи алмағаннан кейін, он бала тапсам да оқытам деп сөз бердім, содан құдайдың берген екі ұл мен екі қызымды жоғары оқу орнына оқыттым, бәрі де өз білімдерімен оқуға түсіп, білім алып, маманданып шықты. Балаларымды кішкентай кезінде ойнатпайтынмын, «кітап оқыңдар, сабақты тиянақты, әбден зерделеріңе тоқып оқыңдар»деп бос уақыт қалдырмайтынмын. Ол кезде «Балдырған» журналы ай сайын келеді, журнал мен кітаптан кенде қылғаным жоқ. Өзім ертелі-кеш жұмыс істеп жүрсем де, балаларымды осылай қадағаладым. Бұл күндері бәрі де өз білімдерімен грантта оқыды, тіпті екі-үш оқу орнын бітірді. Үлкен қызым «Ә.Бектұров атындағы химия ғылымдары институты» акционерлік қоғамында қаржыгер болып жұмыс істейді. Екінші ұлым Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік универсиетін, одан соң Шымкенттен пединститутта оқыды. Әскерден келген соң, мектепте мұғалімдік болып бастады да, 2003 жылы күзде Алматыға аспирантураға түсті. Ғылым жолын қуып, бірнеше шетелде тәжірибесін арттырды. Үшінші қызым М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін бітіріп, қазір осы оқу орнында информатикадан сабақ береді. Кенже ұлым С.Асфендияров атындағы қазақ ұлттық университетін бітірді, қазір Ақтөбеде келін екеуі де дәрігер болып жұмыс істейді. Тек мен ғана емес, қайбір ата-ана болсын, балаға көңілді көбірек бөліп, уақытысында тәртіп пен еңбекті, оқуды талап етіп отырса, бала деген өсіп жатқан өскін сияқты ғой. Қалай тәрбиелейсің, қалай баулисың, солай өсіп шығады. Көп адамнан естимін, балам оқуды бітірді, жұмыс жоқ дейді. Жұмыс жоқ емес, қазір жұмыс өте көп. Тек оқуды бітіргеннен кейін жұмыс жасай алмайды, оған қабілеті жетпейді. Неге? Өйткені, оқуға барады, әйтеуір жүреді, барды ма барды, оқыды ма оқыды, сөйтіп дипломды алады, қайтады. Бұлай болмайды. Барған екенсің, оқы, ізден. Сол оқуыңның түбіне дейін жет, ол сенің ертеңгі күнгі жейтін наның, несібең. Ол сенің өмірлік азығың. Қайта біздің кезімізде ізденуге мүмкіндік жоқ еді, қазір мүмкіндік жеткілікті. Оқимын десең, бәрі бар, компьютер, ғаламтор алдыңда…. Кітаптың да, кітапхананың да неше түрі бар…Міне, менің өмірлік тәжірибем осы. Осы балаларымның балалары, немерелерімді де шақалақ кезінен қолымда бақтым, олар студент кезде. Қазір де қарауымда, өзімнің тәрбиемде. Бар жылы сөзімді айтып, алға қарай ұмтылдырып, талпындырып отырамын.
-Келіндерге берер бағаңыз қандай? Қазіргі келіндер жұмысбастылау, бірақ сіздердің кездеріңізде де жұмыс болды…
-Негізі қыз баланың тәрбиесі анасынан бастау алуы керек. Қыз баланың о басындағы түбірінде, санасында, бала күнінде анасы қалай тәрбиеледі, соған байланысты. Тәрбие көрген қыз, әрі қарай да ененің тәрбиесіне көне алады. Сондықтан қыз баланы анасы жауапкершілікпен бәрін түсіндіріп, айтып, үйретіп, дағдыландырып отырып тәрбиелеп шығаруы керек деп ойлаймын. Сол кезде барған жеріне сіңісті болады.
Қ.АХМЕТОВА