Жарияланды: 09.10.2018

Қарттарымызды қадірлейік

Қарттарымызға, яғни олардың мемлекетімізге, тәуелсіздігімізге сіңірген, өркениетке қарқынды жетуге қосқан үлестеріне сый-құрмет жасап көңіл бөліп келеміз. Қарияны құрметтеу, үлкенді сыйлау қазақ халқында бұрыннан бар дәстүр. Өмірінің жастық шақтарын еліміздің өркендеуі мен гүлденуіне арнап, маңдай терлерін төккен аталар мен әжелерге құрмет көрсету – жастардың ең негізгі парызы мен міндеті деп білеміз.
Осыған орай Түлкібас аудандық «Жастар ресурстық орталығы» және «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен бір топ жастар аудан орталығындағы М.Ломоносов атындағы мектеп-гимназиясының директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ғани Іңкәрұлы бастаған оқушылармен Ұлы Отан Соғысы ардагері Щадрин Фома Диевичтің үйінде болып, қарт майдангердің әңгімесін тыңдап, құттықтап қайтты. Қазақтар – « Төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Жасы үлкенге құрмет ету, қарттың бүгілген беліне сүйеу болу – біздің ата дәстүріміз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата-ананың алдында адамның парыз-міндеті өлшеусіз.  Біз өзіміздің ата-әжелеріміз алдында қарыздармыз. Ол қарызымызды тек жақсы тәрбие арқылы, адамгершілігі мол, мейірімді болу арқылы ғана, оларды көрген жерде құрметтеп сыйлау арқылы ғана қайтара аламыз. Ендеше қарттарымызды ардақтап өтейік!

2 055 қаралым