Жарияланды: 11.10.2018

Бала тәрбиесі тал бесіктен

Жас ұрпақты жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, ой-өрісі биік азамат етіп тәрбиелеу қоғамымыздың ең өзекті мәселесі. Мектеп, ата-аналар коммитеті,  ұстаздар, ардагерлер ұйымдары мен әжелер алқалары біріге отырып, жоспарлы түрде жұмыс атқару керек. Мектеп тек білім беретін мекеме емес, мектеп – тәрбие беретін, азаматты, оның болмысын, ұлттық сана сезімін қалыптастыратын орта екені бәріне белгілі. Ғұлама Әл-Фараби «Адамға ең алдымен тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың хас жауы» деп бекер айтпаса керек. К.Д.Ушинский «Тәрбие халықтық сипатқа ие болған жағдайда ғана өз мақсатына жетеді» деген. Олай болса жасөспірім бойына халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, имандылық пен ізгілік нұрын сіңіруге баса назар аудару, бүгінгі таңның басты мақсаты. Мектептер мен қоғамның міндеті өзі туып-өскен жерін, елін, мұраларға толы тарихын, тілі мен мәдениетін сүйе білетін ұрпақ өсіру.

         Ұлттық мәдениетімізді  ұрпағымыздың санасына сіңіріп, салауатты азаматтарды тәрбиелеген кемелді ел болып, өркениеттілігімізді көтеру үшін ең алдымен ұлттық тәрбиенің бүкіл халықтық бағдарламасын жасау арқылы қол жеткізуге болады. Алдыңғы жылы аудандық ардагерлер кеңесі аудандық мәдениет бөлімімен бірлесе отырып, әр ауыл округтерінде «Өнегелі отбасы – мемлекет тірегі», «Ғасырдан жеткен сыр сандық» атты байқаулар өткізді. Байқауларда ұлттық әдеп-ғұрыптар, салт-дәстүрлердің ұмыт болып бара жатқан түрлерінен көріністер көрсетілді. Осындай шаралардың ұйымдастырылуының арқасында жастарды рухани жаңғырта аларымыз анық. Қазіргі кезде, бізді алаңдататын мәселелердің бірі, балалардың құқық бұзушылығы. Статистика бойынша 2017 жылы елімізде 3 мыңнан аса кәмілетке толмағандар қылмыс жасаған. Жыныстық сипаттағы күш көрсету әрекеттерінің өсімі байқалды. Соңғы жылдары ақыл тоқтатпаған балалардың өзіне қол жұмсау оқиғалары да жиіледі. Алдыңғы жылдарда елімізде 167 суицид оқиғасы тіркелді. Осындай жағдайдың орын алуына интернет желісі де әсер етіп, сананы улауда. БҰҰ балалар қорының мәліметінше ғаламтордың әр бір үшінші пайдаланушысы балалар. Интернетті түбегейлі жамандап та қажет емес.  Ол балалардың жеке дамуына мүмкіндіктер береді. Ал екінші жағынан айтарлықтай қауіп те тудыруда. Ғаламтордың көлеңкелі, үлкендер біле бермейтін тұстары да жоқ емес. Оның ішінде жыныстық мазмұндағы теріс әрекеттерге итермелейтін, шабуылдарға баулитын контенттер, заңсыз іс-қимылдарға апаратын құйтырқылықтары молынан кездеседі. Бұл зорлық-зомбылықтың кеңінен қанат жаюына, жүздеген мың балалардың келешегіне кері әсер ететін күшке ие. Қазіргі таңда парламентте барлық білім беру мекемелеріне тек ақ интернетке қосылу туралы мәселе заңмен қаралып жатыр. Бұл заң бойынша ата-аналар балаларының интернетті пайдалануын қадағалауға міндетті.

         Егер біз бәсекеге қабілетті ұлт болуды көздесек, балаларға кез-келген физикалық, психологиялық, моральдық, экономикалық күш қолдануға жол бермеуіміз қажет. Баланың келешекте жақсы адам болуына сыртқы орта факторлары, оның ішінде, тәрбиенің алатын орны ерекше. Қазақ халқында «текті жердің тұқымы», «тегі мықты» деген сөздер бар. Бұл тегін сөз емес. Міне, сол тектілікті тәрбилейтін мына сіз бен біз.

         Сәтбай ҚАСЫМБЕК,

Түлкібас аудандық ардагерлер

кеңесінің төрағасы.

1 177 қаралым