Жарияланды: 11.10.2018

Баланың құқықтары түсіндірілді

Қазақ халқы үшін баланың, бала тәрбиесінің орны ерекше. Екі жас шаңырақ көтергеннен бастап, балалы-шағалы болып, ұрпақ өрбітсек деп тілейді. Себебі, тағы да бабаларымыз «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деп айтып кеткен болатын. Егер артында түтінін түтетер ұрпағы қалмаса, ол үлкен қайғы екені анық. Сондықтан, барша адамзат баласы басқаға зар етсең де, перзенттің зарынан сақта деп тілейді. Баланың шат күлкісі мұңайған көңілді көтереді, шаршаған адамның жанын жадыратады.

Дәстүр-салтымызда баланы анасының бойына біткеннен бастап-ақ тәрбиелей бастайды. Жас келіннің жерік болған асын жер түбінен алып келіп, елдің тіл-көзінен сақтау, көзін жаман нәрселерге түсірмеу – соның нәтижесі. Ал, дүниеге келген баланы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіру, оған дұрыс тәрбие беру  – ата-анасының, ата-әжесінің, қала берді бүкіл ауыл-аймақтың тікелей міндеті болған. Жас баланы әлпештеп өсіру, оң мен солын танытып, дұрыс тәрбие беру барша адамзаттың саналы мақсаты екені анық болса да, соңғы уақыттарда бүкіл әлем елдерінде бала құқығы тапталып жатқаны жасырын емес. 

Осыған орай, 2002 жылы Халықаралық Еңбек Ұйымы (ХЕҰ) жұртшылықтың хабардарлығын көтеру және бала еңбегі мәселелерін шешуге ықпал ету мақсатында 12 маусымды Дүниежүзілік бала еңбегіне қарсы күрес күні деп жариялаған болатын. Алғаш 1997 жылы Амстердам мен Ослода балалар еңбегінің ең нашар түрлерімен күресу мақсатында өткен халықаралық балалар еңбегіне қатысты сұрақтар талқыланған конференция арқылы көтерілген бұл бастама арқылы көптеген жұмыстар атқарылды. Елімізде де бұл шара жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Балалардың құқықтарын қорғау Комитеті  «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» атты Ұлттық ақпараттық науқан жариялаған болатын.  Осыған орай Түркістан облысы, Сарыағаш ауданы ішкі саясат бөлімі «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бала еңбегін қанауға қарсы 12 күн» Ұлттық ақпараттық науқан аясында халық көп шоғырланатын сауда орындарында арнайы түсіндіру жұмыстарын жүргізілді. Басты мақсат бала еңбегін пайдалану проблемасына қоғамның назарын аудару. Науқан барысында жас мамандар ата-аналар мен балаларға өзара түсіндіру ретінде баланың құқықтарын айтып берді. Арнайы брошюролар таратты. 

1 111 қаралым