Жарияланды: 12.10.2018

Қоғамда әйелдің орны қандай?

«Әйел қырық шырақты». Атадан қалған қанатты сөз әліге дейін өз маңызын жойған емес. Билік басында да, ошақ қасында да, бизнестің биігінен де нәзік жандылар бой көрсетеді. Жоқтан бар шығарып, берекенің ұйытқысы бола білген бұрымдылар бұдан кейін де тоқтап қалмасы анық. Әлемді нәзіктігімен ғана емес, іскерлігімен баурап жүрген әйелдерге қоғамның көзқарасы қалай? Көз жүгіртейік.

Шалқар Құттыбаев, жеке кәсіпкер:

— Әйелдер бастаған бастамасы қашанда өміршең. Өз басым олардың билікке араласуына, бизнеспен айналысуына, жалпы жұмыс жасауына еш қарсылығым жоқ. Мен жұбайым қандай істі бастаса да барынша демеп, қолдау көрсетемін.

Гүлмира Өрісбай, студент:

— Мен Елбасының әйелдердің теңдігі жөніндегі жарлығын қолдаймын. Себебі, біз зайырлы мемлекетте өмір сүреміз. Менде оқуымды аяқтаған соң, осы елдің азаматшасы ретінде еліме өз үлесімді қосқым келеді. Жеке мамандығыммен қатар, кәсіп те ашуды көздеп отырмын.

Тұрар Өмірзақ, Түркістан облысының тұрғыны:

— Қазір барлығының көзі ашық. Қыздардың бәрі жоғары білім алып, жұмыс жасағысы келеді. Менің ойымша, демократиялы елде өмір сүргендіктен бұл —  заңдылық. Қазіргі таңда, еліміз үздік отыз мемлекеттің қатарына қосылуға ұмтылып жатыр. Бұл орайда әйелдің бәсі ерлерден кем түспес.

Бақытжан Ережеп, мұғалім:

 — Менің ұжымдастарымның басым бөлігі әйел адамдар. Істері тындырымды, жауапкершілігі мол. Тек білім саласында ғана емес, кез-келген кәсіпте әйелдер ерлерді артта алдырмаса, кем түспейді.

 

 

 

1 132 қаралым