Жарияланды: 12.10.2018

Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға үлкен сын

Қыз − өмірдің гүлі, барлық адамзаттың қадірлеп, аялайтын асыл аруы десек те артық емес. Қыз баланы қазақта кішкентайынан мәпелеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген. Жалғандағы нәзіктік пен пәктікті, инабаттылықты әрбір қазақ қызының бойына сіңіріп өсірген.

Қазақ халқы бала тәрбиесіне өте көп көңіл бөлген. Баланың ана құрсағында пайда болуына, оның өмірге келуіне, оның алғашқы қадамына, алғаш атқа отыруына, алғаш жолға шығуына арналған жеке-жеке әдет-ғұрпымыз, жол-жоралығымыз бар. Халқымыз сонымен қатар бала тәрбиесіндегі ананың рөлі өте  жоғары. Тіліміздің өзін ана тілі деп атауы-аналарға көп жүк артады. Аналардың бала тәрбисіндегі  жауапкершілігін  көрсетеді. 
         Ана-барлық өмірдің бастауы. Ол адамды өмірге әкеледі. Ол адамды адам етіп тәрбиелейді. Ол адамды өзінің тілінде, ана тілінде сөйлетеді. Сондықтан ертеңгі ана, бүгінгі қыздарымызды тәрбиелеу ананың және барша қауымның міндеті. Халқымыз «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» деген мақалға қаншама философиялық ой сыйғызған. Яғни қыз бала тәрбиесіне тек қана анасы ғана жауапты емес, бүкіл ауыл, ру жауапты болып отыр. Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу-халқымыздың игі дәстүрлерінің бірі. 
       Ал, қазіргі заманда бала тәрбиесіне тек қана ана емес, радио мен теледидар, газет-журнал, кітаптар мен кинолар, барлар мен дискотекалар жан-жақты әсер етіп, оны тәрбиелеуде. Бұл тәрбиенің жағымды жақтары да, жағымсыз жақтары да толып жатыр. Ата-аналары күнұзақ жұмыста, бала тәрбиесіне бөлінетін уақыт күннен-күнге азайып барады. Сондықтан қыздарымыз өзімен-өзі қалып бара жатқан жайы бар.
       Мектеп жасындағы қыз балалар тәрбиесін негізінен үш кезеңге бөлуге болады. Бастауыш сыныптар кезеңіндегі тәрбиенің мақсаты тазалыққа, ұқыптылыққа, жинақылыққа үйрете отырып, баланың көп білуге құштарлығын арттыру, кітап оқу мәдениетін дамыту.
     Бесінші-сегізінші сыныптар арасында алғашқы кезеңдегі тәрбие түрлері ары қарай дамытыла түседі. Бұл тұста, жас ерекшелігіне қарай, қыз бала анасынан ешнәрсе бүкпейді. Қит еткен нәрсенің бәрін айтып келеді. Сол шыншылдығы мен ашықтығын пайдаланып, қыз баланың келешегіне ең керекті нәзіктік, ілтипаттылық, үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, тұрақтылық сияқты мінездерді қалыптастыру-басты борыш. Сонда бұл сипаттар келешекте жарасымды жар, аяулы ана, қоғамымыздың белсенді мүшесі болатын қыз баланың бойынан әрқашан нұр болып төгіледі.
       Үшінші кезең тоғызыншы-он бірінші сыныптарды қамтиды. Бұл аралықтағы тәрбие алдыңғы кезеңдермен тығыз байланысты. Адамға деген мейірім бала кезден, ең жақын адамын сүюден басталады. Сондықтан әрбір қыз балаға ата-анасын, туыстарын, ұстазын сыйлап, қадірлей білуді үйретсе, болашақта одан елін, жерін, халқын сүйетін, өз шаңырағын ардақтайтын, балаларын жанындай жақсы көретін қамқор ана, қайратты жан, нәзік ару шығары сөзсіз.
       Қыз баланы құрметтеу, олардың алдында дөрекі сөйлемей, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорғаларды қыздарына, қарындастарына мінгізу, киімнің әсем-сәндісін, әшекейлі бұйымдардың жақсысын қыздарына арнау-ежелгі дәстүр. Жиын-тойларда қыз баланы әр уақытта сыйлы орынға отырғызған. Жаңа келін болып түскен жеңгелері де қайын сіңлілерін атымен атамай «Еркежан», «Шырайлым» деп еркелеткен. Қыз баланың тәрбиесі ата-анаға да үлкен сын еді. Жүн түту, жіп иіру, шекпен тоқу, кесте тігу, құрақ құрау, оюлап киіз басу, кілем тоқу, арқан есу, көрпе көктеу тағы басқа өнерді қыздарына бөгде босағаға бармай тұрып-ақ үйреткен. Осылай еңбекке баулу арқылы отбасы алдындағы жауапкершілік сезімін дамытып, психологиялық жағынан даярлай бастаған. «Қыз» ең қасиетті сөз. Қасиетті болатыны бүкіл адамзат қыздан тарайды: қыз келін болады, келін анаға айналады, ал ана әже деген зор дәрежеге жетеді. Осы үшеуі арқылы ұрпақ өсіріп, ұлт қатарын көбейтеді.
       Ұлттың бойындағы бар жақсы қасиеттерді-тілін, дінін, әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүрін немересіне, немересінен шөбересіне жеткізуші, дамытушы, әрине, әйел-ана. Халқымыздың ырысты ынтымағын, береке-бірлігін, туыстың татулығын іске асыратын да, ұйымдастыратын да әйел-ана. Кең байтақ ұлы даланы мекендеген қара орман халқымыздың бір тілде сөйлеп, әдет-ғұрып, салт дәстүрінің, мінез-құлықтарының да біркелкі ұқсас болып келуі бұрынғы өткен қасиетті Домалақ ана, Айша бибі, Жаған бегім, Нұрбике ханым, Айғаным,Ұлпан, Зере, Ұлжан сынды дана аналарымыздан қалған үлгі.
       Ерке қыз, иманды әйел, қасиетті ана солардан шыққан. Қазақтың батыл қыздары, ақын қыздары, ақылды қыздары ұлтты тәрбиеледі. «Тар қолтықтан оқ тисе, тартып алар қарындас» деп қызға сеніммен арқа сүйеу де тек қазақта. Қыздар тәрбиесі қоғамда рухани құндылықтарды, ұлы мұраттарды иманды және инабатты бәсекемен қалыптастырады. Бұл адамның ішкі түйсігіне өрелі қасиеттерді алға шығарады. Сол адамдық қасиеттерді бойына сіңіре білген жандардан тараған ұрпақ ақыл мен алғырлықтың бүкіл бітім-болмысын одан да артығырақ жақтырады. Қызды тәрбиелеу, өсіру, ер жеткізу ең маңызды мәселе. Қыз өсіру өсіру гүл өсірумен бірдей! Гүлге әлсін-әлсін су құйып, ауа жеткізіп, айналасын арам шөптерден тазартып отыру керек. Мұндай тиянақты күтім болмаса гүл солып қалады. Қыз да сондай. Оған тәлім мен тәрбие, өнер мен өнеге, білім мен мәдениет керек.    Қазақта әр ата-ана өз қызын өнегелі етіп өсіруге бар күшін салып отырады.  Білген білімін аямайды. Әр   қыз өз отбасының тәрбиесімен ұядан ұшып, өмір деген үлкен әлемге қанат қағып жатады. Әрине, бұрын отбасылардың  бәрі бірдей білімді болған жоқ. Өнерден құралақандары да көп болған. Ғылымға қол жетпейтін еді. Қазіргі біз өмір сүріп жатқан қоғамға тоқталсақ-тәуелсіз, еркін еліміз осы заманның даму үрдісі жылдамдығымен зымырап келеді. Алдағы мақсат-дамыған елу елдің қатарына ену. Ал қоғам да уақыттан қалмай, ортамызға келген жаңа дүниелерге еніп, қалыптасу үстінде. Уақыт талабы-жарнамалық технология. Сондықтан қоғам уақыт талабына сай өмір сүру үшін, заман, адамдардың жеке тұлғалық факторларды талап етеді. Ұлттық сана-сезімге сіңіп, арғы тегімізден келе жатқан адами қасиеттерімізді жойып алмауды қажет еткендей. Қазақ халқы ежелден келе жатқан мәдени мұрасымен тәрбиелік мәні зор салт-дәстүрін жалғастырып келеді. Осы байлықты нарықты заманда қалыптастырып, ұлттық қасиетін жоймау керек. Ең басты мәселе адам тәрбиесі, оның қоғамдағы алатын орны. «Орта түзер ойыңды, ойың түзер-бойыңды»-деп, Абай атамыз айтқандай мемлекеттік тұрғыда назар аударуды қажет ететін ұлттық сана-сезім, тәрбие бар. Осы орайда-болашақ сүйікті жар, ардақты ана-қыз баланың алар орны ерекше. Негізінен ұлттық сипаты бар тәрбиенің негізі-ауыл. Ұлы даланың дана қыздарының бүгінгі жас ұрпағы елдіктің ұраншысы және инабатқа толы өқмірдің қозғаушы күші болса екен дейміз. Өз халқын сүйе білген жас адамдардың бойында ұлттық намыс та, ұлттық рух та, жарасымдылық та молынан табылады.Жас өскін талшыбық сияқты. Оны аялап-мәпелесең, бәйтерек болып өседі. Қыздар саналы да тәрбиелі болып өссе, терең білім алса, жоғарыда айтылған өрелі міндет биігінен көрінеріміз хақ.  Күнделікті жол үстінде тіл мен сипаты бұзылмаған, көркемділігі мен инабаттылығы бойына жарасқан қаракөз апай-сіңілдерімізді топтап жолықтыруға болады. Ұлттық салт-дәстүрімізді, рухани қазынамызды жоғалтпай заман ағымынан қалмау-уақыт талабы. Өсіп-өркендеп келе жатқан мемлекетіміздің тірегі жастар! Ал біздің жастарымыздың баянды болашағына сеніміміз мол.

 

Ақерке ИМАНБЕК,

Түлкібас аудандық Жастар ресурстық орталығының психологы

3 636 қаралым