Жарияланды: 14.10.2018

Еткен еңбектің есебін де беретін кез

Төлеби ауданының дихандары «Алтын күз» мерекесін сән салтанатымен атап өтті. Қамба астыққа, ұра қыстық азыққа толатын берекелі күз айының ең қадірлі мерекесін тойлауға жиналғандардың қарасы қалың болды. Кәсіпкерліктің көрігін қыздырып, шаруа қожалығының да жұмысын жандандырып жүргендер ауданда жетерлік. Ерінбей еңбек еткендер марапат алып марқайып жатты. Төлебиліктермен бірге тілшіміз де «Алтын күзді» бірге тойлап қайтты.

Көктем шыға кетпенін күнге сүйдіріп еңбектенген шаруалар ала жаздай алқабын баптап, қоңыр күзде жиын терім уақытында жылдық азығын еселіп еңсеріп алды. Еңбеккерлер үшін молшылық айы егіні жинап, төл басын көбейтіп, еңбегінің жемісін, табиғаттың сарқылмас сыйын көретін алтын кезең болып табылады. Төккен тер мен еткен еңбек еленіп жатса тіптен ғанибет. Қоғалы ауылдық округіндегі «Ерсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы Серғали Жансейітов үшін де биылғы жыл жемісті болды. Бау шаруашылығын дамытып отырған дихан аудан басшылығы тарапынан арнайы марапатқа ие болды.

Серғали Жансейітов, «Ерсұлтан» шаруа қожалығының төрағасы: «2011 жылы 25 гектарға тамшылатып суғару тәсілімен алма еккенбіз. Сыймдылығы 100 тоннаға жететін қойма салдырдық. Биыл өнім жақсы болды. Ішкі нарыққа 100 тоннадан астам өнім шығардық».

Ауданның көрскеткіштеріне керемет үлес қосқан шаруалар өз өнімдерінен көрме ұйымдастырып, соңы жәрмеңкеге жалғасты. Шаруа мен диханның еңбегі еленетін ерекше мерекеде ұлттық спорт түрлерінен сайыстар ұйымдастырылды. Қол күресінен, еркін күрестен білек күшін танытқандар да, қошқар көтеруден мықтылығын сынға салғандар да көп болды. Ал ең бастысы мал баққанды кәсіп қылған қарапайым шаруалардың айдарынан жел ескен күн болды.

Мырзатай Сахов, «Өмірбай» шаруа қожалығының төрағасы: «2014 жылдан бастап малды асылдандыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Алғашында Әулиекөл тұқымын алып көрген едік, малдың түсін өзгертіп, салмағын жеңілдетіп көңілімізге тура келмеді. Содан ангус малын әкеліп, асылдандырудамыз. Қазір қарамағымызда 50 бас мал бар».

Күз мерекесі тек той тойлау емес, еткен еңбектің есебін де беретін кез. Биылғы жыл төлебиліктер үшін табысты болды. Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 19 млрд. 241 млн теңгеге жетіп қазына қоржынын қомпайтып отыр. Мал шаруашылығы, егін шаруашылығы саласындағы жетістіктер де 100 пайыздан асып жығылады. Ендеше төлебиліктер үшін күз мерекесін қалай думандатып тойласа да жарасады.

 

 

 

1 045 қаралым