Жарияланды: 14.12.2018

Тәрбие негізі балабақшадан бастау алады

Қай ғасырда болсын, тәрбие мәселелерi назардан тыс қалып көрген емес. Бала тәрбиесi — мемлекеттiң аса маңызды мiндеттерiнiң бiрi. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзiнiң Жолдауларында егемен елiмiздiң азаматтарын қалыптастыруда тәрбие жұмыстарының ерекше рөлi барын баса айтып келедi. Баланың қоғамдық әлеуметтiк дамуына мектепке дейінгі мекемлердің алар орны орасан. Себебі, жас шыбықтай иілгіш бүлдіршіндердің нағыз қалыптасар шағы балабақша жасында екені даусыз. Сондықтан бөбекжайлардың санын арттырып, балалардың жағдайын жасау басты назарда болуы заңдылық.

Бүлдіршіндер бойынша саналы тәрбие мен сапалы білім нәрін сіңіру мақсатында жұмыс жасап отырған мекемелердің бірі – «Алтынбек» балабақшасы. Заманауи үлгіде бой көтерген ғимаратта бөбектер үш тілде тіл сындырып, мүдірмей санай алады. Бұдан бөлек, балаларды өнер мен еңбекке баулитын түрлі үйірмелер жұмыс жасайды. Жас өрендердің денсаулығы тәжірибелі дәрігерлердің қадағалауында. Балаларға барлық жағдай жасалған. Пайдалы әрі сіңімді тағамдары тағы бар. Тіпті, бүлдіршіндердің үйлеріне аман – есен жетуі де тәрбиешілердің жіті назарында.

Мектепке дейінгі мекемеде балаларды еңбекке баулып, ой өрісін дамытатын кезекті іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік кеш барысында бүлдіршіндер ән-жырдан шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Тұрмыстық қалдықтар мен заттардан түрлі қолөнер бұйымдарын жасады. Шараның өтуіне ұйытқы болған бөбекжай тәрбиешісі – Ләззат Үсіпбекова. Жоғары дәрежелі қызметкер саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған. Сүйікті ісіне деген құрметі жылдан жылға артып келеді. Бүгінде білікті маманның осы салада қызмет етіп келе жатқанына 20 жылға жуықтады.

Бүгінде тәрбиеленушілердің ата-анасының көңілі жай. Себебі, қу тіршілік қамымен қара кешке дейін жұмыс бабымен жүретін олардың перзенттері сенімді ортада. Қараусыз қалып, қапыда бармақ тістемесіне бек сенімді.

Бүгiнгi оқушы мемлекетiмiздiң ертеңгi үлкен азаматы, кәсiп иесi. Сондықтан да бала тәрбиесiне асқан жауапкершiлiкпен қарап, жас ұрпақты назардан тыс қалдырмаған жөн. Қорытындылай келе, еліміздің батыры Б.Момышұлының «Жауынгерлiк тәрбие әскери киiмде емес, жөргекте жатыр» деген аталық сөздерiнде үлкен мән жатыр. Отбасы, ата-ана, балабақша үштiк ұғымы бiрiккенде сапалы бiлiм мен саналы тәрбие болады.

 

 

 

1 283 қаралым