Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналар қоғамдастығы мен мектептің бірлескен әрекетінде. Мұғалім мен ата-ананың қарым-қатынасында негізгі рөлді педагог атқарады, өйткені тәрбие жұмысы – оның негізгі мамандығы. Мұғалім ата-аналармен жұмыс істей жүріп, балаға, оның қылықтарына, оқудағы табыстары мен көзқарасына, тағы басқаларға баға беріп отырады. Әрбір жағдайдан шығудың, оны түзетудің жолдарын табуы қажет. Ата-аналар ортасындағы арақатынасты одан әрі нығайтуға негіз боларлықтай тартымды да қызықты іс-шаралар өткізіліп отырған дұрыс. Отырыстар мен тренигтер ата-аналармен мектеп арасындағы алшақтықты жақындатар ең төте жол. Осыны ескерген №36-шы «Қазыбек би» атындағы жалпы орта білім беретін мектебі бастауыш сыныптар арасында «ХХІ ғасырдағы үштік одақтың кері байланысының мәдениетін қалыптастыру мақсатында арнайы семинар ұйымдастырды. Мектеп директоры Сәуле Мамытбекованың бастамасымен қолға алынған шараға ата-аналар мен өзге де мектеп мұғалімдері басқосты. Бас-аяғы 80-ге жуық қонақ келді.Басты мақсат- жан –жақты дамыған, өмір сүруге бейім, өзіндік ой талғамы бар, адамгершілігі жоғары, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу. Сондай-ақ, мұғалім, оқушы, ата-анадан құралған үштік одақтың ынтымақтастығын нығайту.
«Мұндай жиындардың бала тәрбиесіне тигізер ықпалы зор». Оқу ордасы директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Рахима Алиева осылай дейді. Семинар барысында ата-аналарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, бала болашағына қос тарап та жауапты екені айтылды. Осы себептен, екі жақ бірлесе ынтымақта қоғамға пайдалы ұрпақ тәрбиелеуді мақсат тұтты.Айта кетейік, семинар барысында әр сынып жеке дара сабақ өтті.