Жарияланды: 27.01.2019

Ажырасудың салдары қандай?

Бүгінде үлкен өкінішке орай, түрлі себеппен шаңырағы ортасына түсіп, ажырасып жатқан отбасын көру үйреншікті жағдайға айналды. Ажырасуға өздері шешім қабылдаса да, мұның ерлі-зайыптылардың екеуіне де оңай тимесі анық. Өйткені әрбір отбасының өздерінің жазылмаған қағидалары болады. Ажырасумен берге барлық нәрсе күйрейді. Сондықтан олардың көбісінің жеке-жеке қалғанда біразға дейін әрі қарай қалай жаңаша өмір сүруді білмей жүретіні сөзсіз. Ал кейбіреулері қуанады.

 

Балаларының ажырасқанына екі жақтың ата-аналарының да уайымдайтыны анық (керісінше, балаларын осындай халге жеткізетін ата-аналар да жоқ емес әрине). Алайда ең көп қасірет шегетіндер – балалары. Олар ата-аналарының ажырасуына өзін кінәлі санайды: «әкем (анам) мен жаман болғасын не мені жақсы көрмегендіктен, бізді тастап кетті» деп ойлап, қамығады, өзін кешіре алмай жүреді. Мұндай балалар кетіп қалған әкесін (анасын) іштей күтіп, көпке дейін ата-анасы қайта қосылса екен деп армандап жүреді. Бірақ күткен адамы сол күйінше келмейді. Сөйтіп, ол баланың жаны оңбай жараланып, қам көңіл, ызақор не тұйық болып өседі. Себебі балаға шеше де, әке де керек.

 

Әрқайсысының бала үшін өзіндік атқаратын қызметтері бар. Мысалы, бала 3 жастан кейін, әке-шешесіне көңіл аудара бастайды. Оларды бір-бірінен: қыз бала әкесін, ұл шешесін қызғанып жүреді. Бұл – қыз баланың анасының туфлиін киіп, ернін бояп алып жүретін шағы. Бұл кезеңді психоанализде «эдип комплексі» деп атайды.

 

Егер эдип комплексі сәтті өтсе, 6 жасқа жеткенде бала ата-анасының өзі үшін дүниеде ең қымбат жандар екенін түсінеді. Бала әбден ержеткенше осындай бірнеше кезеңнен өтеді. Сол себепті анасы не әкесі жалғыз өзі қанша жерден қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай тәрбиелегенмен, олқылық білінеді. Кейін бала өз отбасын құрғанда ерлі-зайыпты қарым-қатынастың қандай болатынын білмей, дал болады, өйткені оның көз алдында ондай үлгі болмаған.

 

 

Екіншіден, көңілінде өзінің де бақытты болатынына сенбей, ылғи ажырасып кететін сияқты күдік тұрады. Тіпті қосағын кетіп қалған ата-анасының рөлінде көріп, кінәнің бәрін соған аударып, жанжал туғыза беруі де ықтимал. Себебі бала ата-анасын да, өзін де кешірген жоқ. Ол үшін арнайы маманға барып, кешіру кезеңдерінен кәсіби түрде өткеннен кейін ғана бақытты отбасын құруға лайық екенін түсінеді.

 

Ал жалғыз қалған әйел не еркек дұрыс адаммен неғұрлым ертерек бас қосса, соғұрлым бала тәрбиесіне игі әсер етері хақ. Толық, сүттей ұйыған тату отбасында ержеткен баланың болшағы жарқын болатынына күмәніміз жоқ.

Massaget.kz

2 867 қаралым