Жарияланды: 23.06.2018

Инвестициялық жобалар іске аспақ

«Шымкент» ӘКК» ҰҚ» компанияның табысы осы жылдың 6 айында 83,1 млн теңге болған. Осынау оңды нәтиже соңғы үш жылда алғаш рет тіркеліп отыр. Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевтың тапсырмасына сәйкес, корпорация бүгінгі таңда үш кезеңді — реинжиниринг, қайта құрылымдау және қайта құру өзгерістерінен өтуде. Осынау шаралардың аясында кешенді оңтайландыру жүйесін іске асыруды жалпы талапқа сай ұйымдастыру, басқаруды жақсартудың даму стратегиясын құру, қызмет етудің барлық аспектілерін дамыту сынды жұмыстарды атқару көзделген. Өз кезегінде, бұл іске асырылып жатқан және болашақта жүзеге асырылатын жобаларды атқару үшін қаржы іздеуде және активтерді көбейтуде оңды нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.  Осыған байланысты, компания жер қойнауын пайдалану, ақпараттық технология, энергетика, құрылыс және агроөнеркәсіп кешені салаларын мейлінше ыңғайлы жағдайларда қаржыландыруда бірлескен инвестжобаларды құру мен іске асыруға шақырады. Осындай жобалардың қатарына Қазығұрт ауданындағы 209 га аймаққа орналасатын «Интенсивті бақтар» агропаркі. Жалпы құны 11,8 млн АҚШ долларын құрайтын «Интенсивті бақтар» жобасы толық қуаттылықта жұмыс істегенде жылына 10,4 мың тонна өнім береді деп күтілуде. Ал өңірдегі электр қуатына деген тапшылық аймақта жалпы құны 44,1 млрд теңге болатын 17 суэлектрстанциясы салынғанда түбегейлі шешіліп, стансалар 73,2 МВт электр қуатына дейін өндіріп тұрмақ. Ұйымның индустриалды-инновациялық даму бағдарламасына да қосып отырған үлесі орасан.

 

1 109 қаралым