Жарияланды: 28.11.2019

Шымкенттіктер жылжымайтын мүліктің техникалық паспортын онлайн ала алады

Жылжымайтын мүлік иелері бұдан былай нысандарының (пәтерлер, жатақхана бөлмелері, жеке гараждар мен саяжайлар) техникалық паспортының электронды нұсқасын онлайн рәсімдей алады. Цифрлық жаңашылдықты «Азаматтарға арналған үкімет» пен «Ұлттық ақпараттық технологиялар» жүзеге асырып отыр.

– ХҚО-ға бармай-ақ, техпаспортты алудың онлайн баламасы мүлік иелерінің уақыты мен қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұған дейін жылжымайтын мүліктің құжатын алу үшін ХҚО-ға барып, техникалық паспортқа қағаз жүзінде өтініш беру керек еді. Кейін мүлік иесі дайын болған құжатты алу үшін қайтадан халыққа қызмет көрсету орталығына баратын, — дейді «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрайымы Әсемгүл Балташева.

Бұдан былай техникалық құжатқа онлайн өтініш беріп, дайын үлгісін электронды үкімет порталынан көшіріп алуға болады. Бұл үшін жылжымайтын мүлік иесінің ЭЦҚ-сы мен құқығын белгілейтін құжатының бірінің (сату-сатып алу келісім-шарты, сыйға беру шарты, жекешелендіру шарты, сот шешімі және т.б.) скан көшірмесі болуы керек. Бастапқы төлем жүргізілгеннен кейін жылжымайтын мүлік иесі электронды құжаттың келгенін жеке кабинетінен көре алады.

Жалпы, Шымкент қаласында жоба іске қосылған бірнеше күннің ішінде онлайн түрде келіп түскен 65 өтініш өңделген, деп хабарлады Шымкент қалалық филиалдың баспасөз қызметі.

790 қаралым