Жарияланды: 28.11.2019

Мемлекеттен көмек алған шымкенттіктер жеке кәсіптерін дөңгелетіп отыр

Бірі мал шаруашылығымен айналысып жатса, енді бірі тігін цехын ашқан. Жәрдемақы алған тұрғындардың ішінде кондитерлік цех ашып, түрлі пісірінділерді саудаға шығарып отырғандар да бар, деп хабарлайды «Отырар».

Көп балалы ана Перизат Ниязалиева сүйікті ісінен табыс тауып отыр. Қолынан іс келетін кейіпкеріміз 300 мың теңгеден астам жәрдемақы алған. Мемлекеттен алған қаражатқа тігін машиналарын, оған қажетті бұйымдарын сатып алыпты. Ол қазірге ұлттық нақыштағы көрпе, жастықтарды тапсырыспен тігіп жатыр. Көп балалы ана instagram, вацап желілерінен арнайы парақша ашып, саудасын қыз-қыз қайнатып отыр.

Әйгерім Даутова да кәсібін дөңгелетіп отыр. Ғимаратты жалға алып, кондитерлік пісірінділерді саудаға шығарады. «Түрлі тәттілер мен тез дайындалатын өнімдерге сұраныс көп» дейді кейіпкеріміз. Осыған дейін екі қолға бір күрек таппай келген келіншек қазір тіпті сенбі, жексенбі күндері де жұмыс істеймін дейді. Жәрдемақыға алған қаражатына тоңазытқыш пен пеш сатып алып, көптен бері көкейінде жүрген шағын кәсібін бастап жіберді.

Мамандардың айтуына қарағанда, Шымкентте жәрдемақыға өтініш білдіргендер саны биыл едәуір өскен. Сәуір айынан бастап қалада 60 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Басқарма басшысы мемлекеттік қолдауға қол жеткізген тұрғындарды жаппай жұмыспен қамту шараларына тартып жатырмыз дейді. Шымкент қаласы әкімдігіне қарасты басқармалардың жүйелі жұмыс атқаруының арқасында жетістікке қол жеткізіліп отыр.

Ғалымжан Балтаев, Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басышысы: «Атаулы әлеуметтік көмек халыққа тұрмысын түзеу үшін беріледі. Қазақстанда келер жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің жаңа тәсілдері енгізіледі. Халықты масылдыққа емес, жағдайын жақсартуға бағытталған жәрдемақы тағайындаудағы жаңа тәртіптерді қазір басқарма өкілдері халық арасында түсіндіру жұмыстарын қызу жүргізіп жатыр».

792 қаралым