Жарияланды: 30.01.2020

Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы ет саудасын ретке келтіруді тапсырды

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Сайрам ауданындағы шаһар шырайын қашырған сұрықсыз сауда орындары мен олардың салық төлеу тәртібін ретке келтіруді тапсырды. Әсіресе ет саудасымен айналысатын ірі саудагерлердің салықтан жалтарып не салықтың жеңілтетілген түрімен құтылып жүргендерін анықтап, тиісті шара көруді міндеттеді.

Сайрам ауданының әкімі Ұласбек Сәдібековтің өткен жылдың қорытындысы бойынша есебін тыңдаған аймақ басшысы бұл мәселеге қатысты жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеді.

Жылдық есептен соң Өмірзақ Естайұлы Сайрам ауданының тұрғыны Әлібек Байназар ақсақалды қабылдады. Ардагер облыс әкімінен тозығы жеткен облыстық маңызы бар «Көксәйек-Ақсу-Шаян-Мыңбұлақ» автожолын жөндеуді қолға алуды сұрады. Көлік қарқындылығы жоғары тасжол бірнеше ауылдан өтеді. Облыс басшысы аталған жолдың республикалық бюджеттен қаржыландырылатынын айтып, мәселенің алдағы ақпан айында шешімін табатынын атап өтті.

1 087 қаралым