Жарияланды: 19.03.2020

ШЫМКЕНТ: ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙҒА БАЙЛАНЫСТЫ КЕШІКТІРІЛГЕН НЕСИЕГЕ ӨСІМПҰЛ ТӨЛЕНБЕЙДІ

 

Шымкент қаласында еліміздегі төтенше жағдайдың енгізілуіне байланыста несиелер мен микрокредиттер бойынша айыппұлдар мен өсімпұлдар өндірілмейді. Сонымен қатар, азаматтық кодекске сәйкес кредит бойынша міндеттемені орындамаған қарыз алушы төтенше жағдай кезінде мүліктік жауапкершілікке де тартылмайды.

Бұл туралы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Шымкент қаласы бойынша басқарма басшысы Әбілғазы Қалназаров мәлімдеді.

— Кредиттік төлемдер кестеге сәйкес жүргізіледі. Тек төтенше жағдай кезінде ғана несие төлемдері кешіктірілген жағдайда айыппұл мен өсімпұл жүргізілмейді. Бұл бір жақты жұмыс жүргізілгеннен кейін банкке барып арыз жазудың қажеті жоқ. Әр азамат өзі тұтынған банктың ресми сайты арқылы көруге болады, -дейді Әбілғазы Мамышұлы.

Төтенше жағдай кезінде қиын жағдайға түскен кәсіпкерлер банкке барып немесе онлайн түрде өтінішін қалдырса несие төлемін 90 күнге шегеріледі. Әр тұлғаның мәселесі жеке қаралады. Бұл Ұлттық банктің азаматтық кодексі мен «банк туралы заңда» қарастырылған.

Айта кетейік, бұл норма жеке және заңды тұлғаларға тек банктер ғана емес, сонымен қатар барлық микроқаржы ұйымдары, оның ішінде ломбардтар мен кредиттік серіктестіктер, сондай-ақ қарыздар беретін өзге де кредиторлар берген қарыздарға қолданылады.

1 148 қаралым