Жарияланды: 01.04.2020

Бар байлық – саябақта…

Еліміздің тәуелсіздігіне арналып ашылған орындар Шымкентте жетерлік. Ордабасы алаңының биік жағына орналасқан кешеннің орны бұрын базар болған. Қаланың биік тұсы болғандықтан мұнда алып ұшақ ескерткіші бар –тұғын. Оны кейінірек Абай саябағына көшірді. Бірнеше бөліктен тұратын алып кешен ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнап ашылған болатын. «Тәуелсіздік» кешеніне алып көпір арқылы көтерілуге болады. Қарсы бетте Қа­зақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері алаңы орналасқан. 50 метр биіктікте көк туымыз желбіреп тұр. Рәміздер алаңы 2009 жылы салынды. Қаланың биік нүктесі болғандықтан Шымқаланың біраз тұсын көруге болады. «Рәміздер алаңында» елдігімізді паш ететін барлық байлығымыз орын тепкен. Алдымен Қазақстанның картасы бейнеленген. Саябақтың дәл орта тұсында «Ел бірлігі» монументі орын тепкен. Шаңырақты 137 тіреу ұстап тұр. Бұл елімізді мекен еткен барлық ұлт өкілдерінің татулығын, ынтымағын бейнелейді. Ал саябақтың орталық ал­леясын бойлай граниттен жасалған тақ­тайшаларда еліміздің тәуелсіздік жылдарында болған ең елеулі оқиғалар жазылған. Қаламыздағы кешенді саябақтардың бірінен саналады. Мұндағы ескерткіштер де, саябақтың күтімі де жауапты мекеменің құзырында.

 

767 қаралым