Жарияланды: 07.07.2018

Түркістан облысында қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ

Елімізде дәрі-дәрмек пен ет өнімдерін шығаратын кәсіпорын, мұнай өңдейтін зауыт және тау-кен комбинаты салынады. Астанада өткен инвестициялық жиын аясында бірнеше қазақстандық компания мен әкімдіктер шетелдік инвесторлармен осы бағытта ондаған меморандумға қол қойды. Алқалы жиынға жер-жаһандағы алпауыт компаниялардың 600-ден аса басшысы келген. Бәрі де Қазақ елімен әріптестік аясында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Сонымен бірер жылда ел экономикасында қандай серпіліс болмақ? Дөңгеленген дүниенің бизнесмендері бүгін елордада бас қосты. Әркімнің-ақ елімізге инвестиция құюға құлқы бар. Таяу жылдары Түркия, АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Франция және Ресей мен Біріккен Араб Әмірлігінің азаматтары қазақстандық әріптестерімен бірге елімізде талай жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Тараптар бүгін ресми келісімге қол қойды. Бүгін жалпы құны 4,7 млрд долларды құрайтын 32 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Инвестициялар ел экономикасының барлық салаларын қамтиды. Нәтижесінде, 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны пайда болмақ.  Сапарбек Тұяқбаев, «Kazakh Invest» Ұлттық компаниясының басқарма төрағасы: «Францияның әлемдегі екінші ең үлкен компаниясы осында дәрі-дәрмек өндіру бойынша зауыт ашу бойынша, одан басқа францияның IT саласындағы ірі трансұлттық компаниясымен Қазақстанның қалаларында смарт қала жобаларын іске асыру бойынша және тамақ өндірісінде ет өндірісінде австралиялық компаниясымен, теплица бойынша түрік инвесторлармен келісімге қол жеткізілді. Бұдан басқа жер қойнауын дамыту, газ-химия, құрылыс материалдары бойынша жаңа жобаларға қол жеткіздік. Инвесторлардың қаражатына алдағы 5 жылдың көлемінде Астана, Алматы, Түркістан облысында, Қостанай, Қарағанды қалаларында қоқыс өңдейтін зауыт салынады. Құрылыстары келер жылы басталмақ. Бұл зауыттарға неміс, ағылшын азаматтары инвестиция құямыз деп құлшынып отыр. Түркістан облысында салынатын қоқыс өңдейтін зауыт инновациялық әдіспен жұмыс істейтін болады. Ол индустриалды аймақтардың бірінде салынатын болады.

24.кз

1 057 қаралым