Жарияланды: 02.04.2020

Миллионды қаланың миллион гүлдері…

Биыл Шымкент қаласында 1,5 миллион түп гүл егілген. Қала аумағындағы жасыл желектерді күтіп баптауға биыл 2 млрд. теңге қаржы қаралған. Қазіргі таңда 25 мың шаршы метр жерге жаздық гүл көшеттері, 70 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылыпты. Оның ішінде 1,5 аса қылқан жапырақты ағаштар. Гүлдерді 100-ден астам адам күтіп баптайды. Сұлтанхан Ахметов, «ЛТД Тұрмыс» ЖШС-нің көгалдандыру бөлімінің басшысы: «Көктемде қызғалдақтың тұқымын қазып алған соң канны, хризантема сынды бір жылдық гүлдер егіледі. Орталық көшелерге әуежайдан бастап, Темірлан тас жолы, Желтоқсан, Д. Қонаев, Бәйдібек би көшелерінің шетіне әдемі көрінуі үшін бір жылдық гүлдер егілген. Газон қала бойынша 45 гектар жерге егілген». Бүгінде запырангүл, ақсәуле, талшын, бархытгүл, райхан қаланың көркіне көрік қосып тұр. Шымқала қызғалдақтың отаны болғанымен тұқымы Польшадан жеткізіледі. Ал бұрын шетелден әкелінетін ағаштар жерсінбегендіктен, жаңа көшеттер жергілікті Қазығұрт, Сарыағаштағы тұқымбақтардан алынады. Жандос Оспанов, Шымкент қалалық энергетика, коммуналдық шаруашылық басқармасының көріктендіру бөлімінің бас маманы: «Бағалары соншалықты қымбат емес. Ағаштың сұрыпына байланысты 3,5-4,5 мың теңге тұрады. Қылқан жапырақты ағаштар 2 мыңнан басталып 40-45 мың теңгеге дейін барады». Қаламызда бұған дейін өсіп көрмеген экзотикалық гүлдер де биыл жерсіндіріліпті. Оның ішінде сириялық раушан, үнді сирені бар. Жауаптылар келер жылы қаланың гүлге көміліп қаларына сендіріп отыр.

 

1 081 қаралым