Жарияланды: 03.04.2020

Агротехникалық талаптарға сай ету мақсатында жұмыстар атқарылылады

Шымкент қаласының көркіне көрік қосып, айналаны жасыл желекке бөлеп тұрған ағаштар ұдайы күтіп ұстауды қажет етеді. Қураған бұтақтарды қырқып, өсіп кеткендерін арнайы қалыпқа келтіріп күзеп тұру «ЛТД Тұрмыс» ЖШС және «Шымкент жасыл қала» серіктестіктеріне жүктелген. Шымкент қаласы Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы көріктендіру бөлімінің бас маманы Жандос Оспановтың айтуынша мердігер компаниялар тарапынан қала аумағындағы 168 басты көшедегі ағаштарды агротехникалық талаптарға сай ету мақсатында жұмыстар атқарылған. Оның ішінде 80 көшедегі ағаштарды пішінге келтіріп бұтау, қураған бұтақтарды қырқу үшін арнайы мамандар жұмыс жүргізген. Атап айтсақ, бұл жұмыстармен арнайы мамандандырылған «ЛТД Тұрмыс» ЖШС және «Шымкент жасыл қала» ЖШС-ның арнайы 5 автотехникасы мен 400-ге жуық мамандары салаларға бөлініп айналысады. Көгалдандыру бөлімінің мамандары тарапынан ағаштардың жағдайы мен жұмыс барысы жыл бойы бақылауда болады. Қаладағы ағаштарды  күтіп-баптаушы мекемелер тарапынан күнделікті аралау барысында қураған бұтақтар мен бұтақшалар міндетті түрде кесіліп, электр сымдарына зиян келтіруі мүмкін ағаштар тұрақты түрде бұталып отырады. Одан бөлек, тұрғындар тарапынан түскен өтініштер де назардан тыс қалмайды. Әсіресе табиғаттың тосын мінез танытқанында желден құлаған ағаштарды жинау қажеттігін айтып тұрғындар қоңырау шалып отырады. Жауапты мамандар дер кезінде іске кірісіп, ағаштарды кесіп, орнын тазалап кетеді.

878 қаралым