Жарияланды: 07.07.2018

Құс шаруашылығын дамытуға септесуде

Бүгінде өндірісі өркендеп, дамудың даңғыл жолына түскен Түркістан облысында экономика қарыштап дамып келеді. Өңірімізде  индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы шеңберінде қолға алынған жобалардың қатары қалың. Аудандарда аталмыш бағдарлама аясында ашылған кәсіпорындар қатары да жыл жылжыған сайын артуда. Отырар ауданында «Азия агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бүгінде тасы өрге домалап келеді. Ауданда негізінен аграрлық бағытта өндірісін өрге жүздіріп отырған шаруашылықтар көп. Бүгінде жүгері өңдейтін зауытың жұмысы қарқын алған. Жылына 5 мың тонна жүгеріні өңдеуге қауқарлы жобаның құны 619 миллион теңгені құрайды. Кәсіпорын құс фермаларын құрама жеммен қамтамасыз ету мақсатында ашылған. Мұнда шикізат өңдеу де жолға қойылған.  Жүгері өз алқаптарында өсіріліп, қайта өңделеді. Мұнда 16 адам жұмыспен қамтылған. «Дала аруы» атанған өсімдіктен жасалған құрама жемге деген сұраныс жоғары. Өйткені Оңтүстік Қазақстан облысының шалғай шеттегі аудандарының өзінде құс фабрикалары жұмыс істейді. Тіпті бір ауданның өзінде бірнеше құс фабрикалары да бар. Алдағы уақытта құс шаруашылығын дамытуға басымдық беріліп отырғандықтан аталған құрама жемге деген сұраныс төмендемек емес. Сондықтан да алдағы уақытта өнідіріс қуаттылығын арттыру жоспарда бар. Бұл өз кезегінде ауданның экономикасын алға жылжытуға септігін тигізері сөзсіз. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтығанына жергілікті жұрт қуанулы. Жүгеріні өсіріп баптайтын шаруашылықтар да жетерлік. Олар пісіп жетілген өнімдерін осында әкеліп өткізеді. Мұнда дайындалған құрама жемге деген сұраныс жоғары.

 

1 138 қаралым