Жарияланды: 13.04.2020

Сапалы жол әлеумет үшін…

Мердігер мекемелер жол төсеу кезінде олқылықтар жіберсе, тапсырыс беруші жұмысты қабылдамайды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті мен «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Шымкент қаласы бойынша филиалы тарапынан жүргізілген рейд барысында айтылды. «Сапалы жол» жобасы аясында қаладағы А2 көшесі мен Темірлан тасжолы жол айрығындағы жол құрылысы тексерілді. Рейд барысында жол құрылысының талаптары қадағаланып, сапасы тексерілді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің аға офицері С.Әсілбектің айтуынша, қаладағы барлық салынып жатқан жолдар тексеріледі. Олқылықтар шықса, тапсырыс берушіге хат жолданып, кемшіліктер жойылмағанша қабылдауға алынбайды.

 Жол сапасы жылжымалы зертханада тексеріледі. Асфалты арнайы аппаратпен ойылып, оның құрамы мен стандарты сараланады. Сонымен қатар жолдың ені де назардан тыс қалмайды. Биыл Шымкенттегі көптеген жолдар жөндеуден өткізіледі. Мұның барлығы да әлеуметтік-экономикалық дамудың бір көрінісі. ал жолдың сапалы болуы ең алдымен әлеумет үшін. 

 

991 қаралым