Жарияланды: 17.04.2020

М. Әйтенов жол құрылысының жұмыстарымен танысты

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһардағы жол құрылысы жұмыстарымен танысты. «Қала аумағындағы жол мәселесі алдағы бірнеше жылда кезең-кезеңімен шешімін табады. Шымкенттің құрамына енген 41 елдімекеннің де инфрақұрылымы қайта қаралады. Миллионды қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл — қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет», — деді қала әкімі.  Мердігер компаниялар мен техникалық қадағалаушы ұйымдардың өкілдерімен жүздескен қала басшысы жолдың сапасын құрылыс біткен соң емес кемшіліктерді алдын ала анықтап, жою керектігін ескертті.   Бұған дейін жол салынып болған соң барып сапасы тексерілетін. Қазір құрылыс жүріп жатқан кезде бақылауға мүмкіндік бар. Ол үшін арнайы жылжымалы зертханалар жұмыс істеуде. Заманауи құрылғы олқылықты дер кезінде анықтап береді, — дейді «Жол активтер сапасы орталығы» филиалының директоры Мұхтар Дүйсенбеков.  Қала әкімі аталған орталыққа жол құрылысының сапасын қатау бақылауға алуды тапсырды. Шымкентте жалпы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 976,6 шақырымды құрайды. Оның 1 758 шақырымына  асфальт төселген. Қалада  биыл  417,6 шақырым жолда құрылыс және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оған бюджет есебінен 25,6 млрд.теңге бағытталған. Оның 5,1 млрд. қаржысы республикалық, қалған 20,5 млрд. теңгесі жергілікті бюджеттен қаралған. Бұл қаржыға 294 шақырым жол мен 6 көпір және 1 жолайрық салынуда. 

 

Шымкент қаласы төтенше жағдай жөніндегі штабы

718 қаралым