Жарияланды: 21.04.2020

900-ге жуық жәрдемақы рәсімдеді

Шымкеттік жас аналар карантин кезінде бала тууға байланысты 900-ге жуық жәрдемақы рәсімдеді. Елімізде төтенше жағдайға байланысты ХҚО жұмысы уақытша тоқтатылғалы бері Шымкент қаласында 200-ден астам әйел жүктілік және босануына байланысты табысынан айрылу төлемін, ал 700-ге жуық отбасы бала тууға және оның бір жасқа дейінгі күтіміне берілетін жәрдемақыны онлайн рәсімдедң. Енді жүктілікке байланысты жәрдемақы бойынша өтініштерді порталдағы «Электронды өтініштер» сервисі арқылы тапсыруға мүмкіндік бар. Декрет демалысына шыққан жүкті әйелдер egov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Электронды өтініштер» сервисін таңдап, жеке құжаты мен жұмыс істеу қабілетінен айрылу парағының скан көшірмесін және төлем аударылуы тиіс банк шотын қоса жолдауы тиіс. Ал балалы болған отбасылар бала тууға және оның күтіміне байланысты жәрдемақыларды рәсімдеу үшін egov.kz порталының «Отбасы» – «Бала» бөлімінде өтініш толтыру қажет. «Цифрландыру заманында проактивті әдіс арқылы барлығын онлайн жүзеге асыруға болады. Оны пайдалану үшін аналар босанбас бұрын egov.kz порталының мобильді азаматтар базасында тіркелуі тиіс. Проактив қызметін пайдалана отырып, баланың тууын тіркеп, тиісті жәрдемақыны рәсімдеп, сәбиді балабақша кезегіне қоюға болады. Мобильді базаға тіркелген аналар ұялы телефонының көмегімен өздері аталған қызметке тапсырыс бере алады», — деді «Азаматарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілі Алтынай Татаева. Айта кетейік, порталды пайдалану үшін ЭЦҚ болуы шарт. Электронды цифрлық қолтаңбаны бүгінде порталда қашықтан рәсімдеуге болады.

 

 

«Шымкент келбеті»

840 қаралым