Жарияланды: 21.04.2020

Қалада азық-түлік бағасын бақылайтын 4 мобильді топ жұмыс істеуде

Шымкентте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын бақылайтын 4 мобильді топ құрылған. Олар жергілікті билік бекіткен 9 түрлі әлеуметтік азық-түлік тауарлардың бағасын тұрақты ұстап тұруын бақылайды. Бұл туралы ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов айтты. «Қалада жалпы 1900-ден астам дүкен бар. Қазір олардың 157-сіне жоғарыда аталған 9 тауар түрін шекті бағамен сату керектігін ескерткен. Бірер күнде барлық кәсіп иелері құлақтандырылады. Одан әрі бағаны асырған дүкен иелеріне ескертусіз айыппұл салынады», — деді қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов. Әлеуметтік маңызы бар 9 түрлі азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «GraMad Retail» ЖШС-мен келісім түзген.  Қазіргі таңда аталмыш серіктестіктің қоймасында азық-түлік қоры жеткілікті. Оған қоса тауарлардың көтерме бағасы тұрақты. Бұл да болса әлеуметтің әлеуеттік жағдайын көтеру мақсатында қолға алынып отыр. Келісім негізінде серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатып жатыр.  Енді «GraMad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар.Оған қоса «GraMad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда. «GraMad»,  «Magnum», «Фиркан» супермаркеттерінің 21 сауда нүктелері мен бес базардағы жылжымалы орындарда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары белгіленген бағада сатылуда.

746 қаралым