Жарияланды: 25.04.2020

Абай ауданында 100 мыңға жуық адам 42 500 теңгеден көмек алды

фото shymkent.gov.kz

Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың қатысуымен коронавирус пандемиясына қарсы ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде онлайн-брифинг өтті. Бұхарбай Рысқұлұлының баяндауынша, төтенше жағдайға байланысты аудан тұрғындарына бірқатар әлеуметтік көмектер берілуде. Карантинге жабылған «Тәуелсіздікке — 20 жыл» тұрғын алабын азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында, «Біз біргеміз» акциясы шеңберінде 107 отбасыға тегін азық-түлік себеті таратылған. Сонымен қатар «Грамад», «Карлс крона» компаниялары мен «Қазыбек» базары демеушілік көрсетіп, 716 отбасыға тегін азық-түліктер үлестірді. Одан бөлек Профакс мекемесі 150 жағдайы төмен отбасыны азық-түлік себеттерімен қамтамасыз етті. 

«Біз біргеміз» акциясы аясында зенеткерлерге, мүгедек азаматтарға 250 000 дана және жағдай төмен отбасыларға 32 000 дана тегін бетперде таратылды. «Магнум» желісі арқылы жағдайы төмен отбасыларға мемлекеттік әлеуметтік азық-түлік пакеті таратылуда. Бүгінгі күнге 1-3 жас аралығындағы балалары бар 1890 отбасыға 1454 пакет таратылса, 3-6 жас аралығындағы балалары бар 2253 отбасыға 1596 пакет таратылды. 

Бүгінде аудан аумағында азық-түлік сататын 3 базар – «Жібек жолы», «Алаш» және «Жабық базар» жұмыс істеуде. Сондай-ақ 6 ірі сауда үйі, 935 кіші азық-түлік дүкендері, 113 дәріхана, 81 жанар-жағармай бекеттері, 5 екінші деңгейлі банк филиалы, асханалар үйге дейін жеткізіп беру жүйесімен қызмет атқаруда. Одан бөлек аудан аумағында жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтып жүрген 100 000-ға жуық адамға мемлекет тарапынан 42 500 теңгеден көмек көрсетілді.

— Тұрғындарға бірінші кезекте қажет ететін 9 тауардың тізімі анықталып, олардың шекті бағасы бекітілген. Осыған орай, аудандағы 935 дүкеннің 107 дүкеніне шекті бағадан асырмау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, оның ішінде 19 дүкенге тексеру шаралары барысында бағалардың тұрақты екендігі анықталған, — деді аудан әкімі.

 

shymkent.gov.kz

 

796 қаралым