Өңір экономикасының даму қарқынын қалалардың көркейтілуінен-ақ көрініп тұрады. Бүгінде үшінші мегаполис атанған Шымкент те күннен күнге құлпырып келеді. Көз тартар көрікті ғимараттардың бой көтеруде. Одан бөлек көшелердің сәндік өнер туындыларымен көркемделуі қаланың көркіне көрік қосып тұр. Әсіресе көше бойларына қойылған ұлттық нақыштағы сәндік туындылар көз тартады. Онсыз да шетелше атаулары көп қаладағы нағыз қазақылықты сезіндіретін мұндай архитектуралық мүсіндер өз еліміздің мерейін асырары анық. Расында Шымкент қаласы бүгінде әсем кейіпке еніп, көркейіп келеді. Көше бойларында ұлттық болмыс бейнеленген сәулеттік туындылар сериясы бойынша Жанат Елубаевтың «Қыз жасауы», қазақ әйелдерінің дәстүрлі зергерлік бұйымдарының көшірмелері, ежелгі қазақ керамика өнеріндегі текемет пен ұлттық оюмен әдіптелген торсық қала көшелеріне орналастырылды. Қозғалысы көп Бауыржан Момышұлы даңғылы, Түркістан көшесі, Tемірлан тас жолы және Шәмші әлемі гүлзарында орнатылған осы ұлттық құндылықтар қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Аталған ұлттық мүсіндер қала қаланың сәулетіне өзгеше рең беруде. Сәкен Нарыновтың «Күн мен түн», Зулхайнар Қожамқұлованың «Төрт қыз», Расул Естемесовтың «Құс және тасбақа», Асқар Есдәулетовтың «Oйыншы» және «Ұмай», Мұхтар Бекеновтың «Өрнек», Әбдікәрім Ахметовтың «Түйе» көркемөнер туындылары қаланың басты көшелерінде орналасқан. «Мұра», «Бірлік», «Шығармашылық», «Жасампаздық» секілді барлық өнер айшықтары қала сәулетін ашып тұр. Бастысы нағыз қазақы рухта жасалған туындылар жас өскіндердің бойына сәл де болса отансүйгіштік қасиеттерді дарытуға септігін тигізері сөзсіз. Архитектуралық мүсіндер ескерткіш есебінде тізімге алынып, жауапты мекемелер күтімін өз мойындарына алған.
Жарияланды: 03.05.2020